Израиль Сауд Арабиясындағы ислам дінінің қасиетті қаласы Меккеге өзге ел атынан шабуыл жасау жоспарын дайындаған.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Израильдің «Моссад» барлау қызметінің пайдасына тыңшылық жасағаны үшін сотталған тұлға Израильдің Меккеге шабуыл жасау жоспарын әшкереледі. Аталмыш жоспар бұл соққы үшін жауапкершілікті Йеменге жүктеу мақсатында ойластырылған.
Таратылған материалда АҚШ пен Израильге қатысы бар және 2021 жылы тұтқындалған тыңшылық желінің мүшесі Абдул Муин Азанның бұрынғы мойындау көрсетулерінің бір бөлігі келтірілген.
Ол өз мәліметінде Израильдің қастандық жоспары туралы жан—жақты айтып берді. Бұл жоспардың мақсаты – йемендік күштерді айыптау үшін Меккедегі әл-Харам мешітіне соққы жасау болған.
Алғаш рет жарияланып отырған осы деректерге сәйкес, қастандық мұсылмандарды Йеменге қарсы айдап салуға және осы арқылы Қызыл теңізде халықаралық күштердің орналасуына жол ашуға бағытталған. Мұндай сценарий оны ұйымдастырушылардың ойы бойынша йемендік тараптың беделін түсіріп қана қоймай, стратегиялық маңызы бар аймақтағы күш тепе-теңдігін өзгертуге тиіс еді.
Азан 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Иорданияда израильдік барлау офицері Шаул Гадпен кездескенін айтып, ол офицердің йемендік «Ансаролла» қозғалысының артып келе жатқан әлеуетіне қарсы тұру жолдарын талқылағанын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл нұсқалардың қатарында Меккедегі әл-Харам мешіт пен Мәдинадағы Пайғамбар мешіті сияқты екі қасиетті мешітке немесе олардың маңындағы аумақтарға соққы жасау мәселесі де қарастырылған.
Оның айтуынша, соққы Қызыл теңізден немесе басқа жерден Йемен аумағынан жасалғандай әсер қалдыратындай етіп жасалуы тиіс еді. Шабуыл мұсылмандар мен арабтардың арасында Йеменге қарсы көңіл-күйді қоздыруға бағытталған үгіт-насихат науқанымен қатар жүреді деп болжанған.
Азан израильдік офицерді мұндай сценарийдің қауіптілігі мен өңір үшін туындауы мүмкін салдары туралы ескерткенін айтты. Оның айтуынша, израильдік офицер: «Халықаралық күштер Қызыл теңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал АҚШ мұнай ресурстарын қорғайды. Ал бұл уақытта саудиялықтар, йемендік күштер мен салафиттер топтары шөл далада бір-бірімен соғысып жатады. Біз тек сырттай бақылап тұрамыз», – деп жауап берген.



















