АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Орталық Азияға сапарының нәтижесінде миллиардтаған долларға бағаланатын келісімдерге қол қойылады деп күтетінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Марко Рубио Самарқанд қаласында Өзбекстан Президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен бірге Регистан алаңын аралау кезінде осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Самарқандқа аймақтағы елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі АҚШ-тың 300-ге жуық компаниясының өкілдері келген.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Вашингтонның Өзбекстанмен ғана емес, Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен де сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға ниетті екенін атап айтты.
Рубионың айтуы бойынша, жоспарланып отырған келісімдерден аймақ елдері де, Америка Құрама Штаттары да экономикалық пайда көруі тиіс. Алайда қандай нақты келісімдерге қол қойылатыны әзірге жарияланбады.
Айта кетейік, кеше, 19 қазанда, Самарқандта Орталық Азияның бес мемлекеті мен АҚШ Сыртқы істер министрлерінің C5+1 форматындағы кездесуі өтті. Жиынға Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері қатысты.
Кездесуде АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын дамыту, соның ішінде сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

















