Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Ормұз бұғазының шығысында, Сирик қаласына қарама-қарсы аумақта америкалық MQ-1 ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтап, жойған.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бұл туралы Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы мәлімдеді.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының мәлімдеуінше, АҚШ-та өндірілген ұшқышсыз ұшу аппараты Иранның әуе қорғанысы жүйесі арқылы анықталып, нысанаға алынған.
Иран дронның қандай тапсырма орындағаны, оның ұшу жағдайлары және қандай қару жүйесі арқылы жойылғаны жөнінде нақты мәлімет берген жоқ. Сонымен қатар, АҚШ әскери күштері де оқиғаға әзірге түсініктеме жасамаған.
MQ-1 Predator — 1990-жылдары АҚШ-та әзірленген ұшқышсыз ұшу аппараты. Бастапқыда ол әуеден бақылау жүргізу және барлау мақсатында пайдалануға арналған. Кейін аппараттың мүмкіндіктері кеңейтіліп, соққы беру міндеттерін орындауға арналған қару-жарақпен жабдықталған.
2026 жылдың қыркүйегінде Иранның Tasnim және IRNA ақпарат агенттіктері Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының Ормұз бұғазы маңында америкалық MQ-1 ұшқышсыз аппараттарын ұстап, жойғаны туралы мәлімдемелерін жариялаған болатын.
Атап айтқанда, 21 қыркүйекте Tasnim агенттігі Иран әскери күштерінің ұлттық әуе қорғанысының біртұтас желісі аясында жұмыс істейтін жүйені пайдаланып, осындай дронды жойғаны туралы хабарлады.
Ормұз бұғазы — мұнай мен басқа да энергетикалық ресурстарды халықаралық нарықтарға жеткізудегі стратегиялық маңызы зор теңіз жолы. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген әскери оқиға Тегеран мен Вашингтон арасындағы шиеленіс жағдайында ерекше назар аудартады.



















