Орталық Азия жаңа көлік дәлізі арқылы Парсы шығанағына жол ашады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Орталық Азиядағы өңірлік интеграция мен көлік-логистикалық дәліздерді зерттеуші, өзбекстандық сарапшы Наргиза Умарова пікір білдірді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Оман Сұлтандығына мемлекеттік сапары және осы сапар аясында Маскатта өткен Оман, Иран және Өзбекстан Сыртқы істер министрлерінің үшжақты кездесуі іргетасы 15 жыл бұрын қаланған, Орталық Азияны әлемдік нарықтармен байланыстыратын көлік-экономикалық торапты іске қосудың нақты қадамдарын айқындап берді.
Өзбекстанның сыртқы экономикалық байланыстарын қарқынды дамыту көбінесе бүкіл Орталық Азия бетпе-бет келіп отырған сыртқы сауда тасымалындағы түйткілдерді шешуге тікелей байланысты. Кезінде академик В. Бартольд: «Түркістанның болашағы оның әлемдік саудада алатын орнына байланысты. Түркістанның сауда-саттықтағы маңызы теңіз саудасымен қатар құрлықтағы сауданың рөлін қалпына келтіретін теміржол желілерін дамытуға толықтай тәуелді», – деп атап өткен болатын.
Бұл инфрақұрылымдық қайта құрудың құрлықтың сауда картасын неліктен өзгертетіні, Қытай сияқты жаһандық ойыншылардың мүддесін қалай тоғыстыратыны және бүкіл өңір үшін Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына қалай жол ашатыны туралы Әлемдік экономика және дипломатия университеті жанындағы Перспективалы халықаралық зерттеулер институтының Стратегиялық байланыстар орталығының жетекшісі Наргиза Умарова талдап берді.
Болып жатқан үдерістердің ауқымын тереңірек түсіну үшін сарапшы тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі логистикалық әріптестіктің жаңа жүйесі қалыптасып жатқан іргетасты еске алуды ұсынады. 2011 жылғы 25 сәуірде Өзбекстанның бастамасымен Ашхабад келісіміне қол қойылған еді. Бұл құжат Орталық Азияның қазіргі тарихындағы алғашқы «Орталық Азия – Парсы шығанағы» көлік дәлізін қалыптастыруға негіз қалады.
Иран айналасындағы санкциялар мен аймақтағы тұрақсыздық салдарынан бұл дәліз ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істей алмады. Алайда жаһандық сауда бағыттарының өзгеруі жобаға қайта жан бітірді.
Наргиза Умарованың айтуынша, Орталық Азия елдерінің көлік саласын дамыту талпынысы Оманның мүдделерімен ұштасып, жүйелі көпжақты үдеріске айналды.
Сарапшы: «Бұл жерде әңгіме тек Өзбекстан мен Оман арасындағы байланыс туралы емес. Біз екі маңызды өңірдің — Орталық Азия мен Парсы шығанағының өзара тоғысуы жайында айтып отырмыз», – деді.
Аталған көлік дәлізі Орталық Азия елдері мен Парсы шығанағы және Оман теңізі порттары арасында жолаушылар мен жүк тасымалдау үшін сенімді қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Маскатта өткен үш мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі кездейсоқтық емес, мұқият есептелген қадам. Өзбекстандық сарапшының пікірінше, мұндай деңгейдегі іс-шаралар, әсіресе мемлекет басшыларының сапарлары қарсаңында, алдын ала пысықталады.
Умарова бұл үдерістің екі стратегиялық тірекке — қауіпсіздік пен мүдделерді үйлестіруге негізделгенін айтады. Біріншіден, кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, себебі Оман Тегеранмен әуелден тұрақты байланыс сақтап келеді. Ираннан Оман шығанағына шығу үшін, әсіресе қазіргі шиеленіс пен қауіп-қатер жағдайында, Ормұз бұғазының күрделі су айдынынан өту қажет. Бұл тұста Маскат Иранмен бірлесіп транзит қауіпсіздігіне кепіл бола алатын сенімді серіктес саналады, ал мұндай тұрақтылық құрлықтағы Орталық Азиядан келетін жүктер үшін аса өзекті. Екіншіден, тараптар Орталық Азия бағытындағы мүдделерін өзара сәйкестендіріп отыр. Тегеран өңірдің көлік әлеуетіне мүдделі болса, Оман бұл аймақты өз ықпалын арттырудың тиімді жолы ретінде қарастырады.
Уағдаластықтың нақты нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады. Биыл жазда Оманның ықпалды ASYAD корпорациясы өзбекстандық серіктестермен бірге Ташкенттегі екі ірі логистикалық орталықтың бақылау пакетін сатып алды.
Бұл Оман мен жаһандық ойыншыларға не үшін тиімді? Мұның сыры жаһандық логистикада жатыр. Хабтар мен терминалдар жүктерді шоғырландыру және бөлу үшін құрылады. Мұнда әңгіме тек Орталық Азия өнімдері емес, Қытайдан келетін ірі тауар ағыны туралы да болып отыр. Орталық Азия мен Иран арқылы өтетін құрлық дәліздері ҚХР үшін теңіз жолын жеңілдететін қуатты балама бағытқа айналуда. Оның ішінде «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолын салу жобасы да бар.
Наргиза Умарова: «Оман тек Өзбекстан мен Орталық Азия нарығын ғана көздеп отырған жоқ. Біздің өңірдің әлеуеті арқылы олар Қытайды қоса алғанда, ірі нарықтарға жол ашады. Ал Орталық Азия елдері Оманның Сохар, Салала және Дукм терең сулы порттары арқылы Үнді мұхитына, Шығыс Африкаға және Парсы шығанағының ауқатты нарықтарына тікелей шыға алады. Сонымен қатар сауда мен транзиттен бөлек, аймақ елдері сыртқы инвестиция тарту міндетін де шешеді», – дейді.
Ташкенттің жоспары ауқымды: 2030 жылға қарай елдегі халықаралық стандарттағы логистикалық орталықтар санын 24-тен 30 нысанға жеткізу көзделіп отыр. Парсы шығанағы елдерінен, соның ішінде БАӘ-нің DP World компаниясы мен Оманнан капитал тарту инфрақұрылымды жаңғыртуды сырттан қаржыландыруға мүмкіндік береді.
БАӘ — Орталық Азиядағы шығанақ елдерінің ірі инвесторларының бірі. Бұл бағыттағы негізгі жобалар DP World компаниясына тиесілі. Компания құны 288 млн доллар тұратын мультимодальды логистикалық терминал салуда. Аумағы 82 гектардан асатын кешенге қуаттылығы 150 мың TEU контейнерлік теміржол терминалы, қоймалар мен кедендік инфрақұрылым кіреді. Бұл орталық Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропаны байланыстыратын негізгі торапқа айналуға тиіс.
Сарапшының пікірінше, логистиканы дамыту мен Таяу Шығыстан инвестиция тартуда Қазақстан мен өзге де өңір елдері осы жолмен жүреді. Мәселен, БАӘ компаниялары Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Каспий теңізіндегі транзит пен Қазақстан порттарының қуатын арттыруға белсенді атсалысуда.
Астана мен Әбу-Даби 2023 жылы бірлескен теңіз және сауда флотын құруға кірісті. Бұл жобада Қазақстанға БАӘ-нің «Abu Dhabi Ports Company» операторы көмектесуде. Флот Каспийдегі теңіз жобаларына арналған тайыз су кемелерін, қазақстандық мұнайды Ақтау арқылы Әзербайжанға тасымалдайтын танкерлерді, Қытай – Еуропа транзитіне арналған контейнерлік паромдарды және «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы құрғақ жүк кемелерін салу немесе сатып алу үшін құрылуда.
Шығанақ елдерінің Орталық Азия логистикасына салған инвестициясы сауда жолдарын әртараптандыру аясында артты. Араб инвесторларының қаржысы мен технологиясы құрғақ порттар, халықаралық стандарттағы қоймалар және оңтүстік көлік дәліздерін Иран, Оман және БАӘ порттары арқылы дамытуға бағытталған. Бұл өңір елдеріне географиялық оқшаулануды еңсеріп, Оңтүстік жарты шар нарықтарына шығуға жол ашады.
Қазіргі ахуалды талдай келе, мынадай басты қорытынды шығаруға болады: Орталық Азия «континенттік тұйық» мәртебесінен біртіндеп арылуда. Өңірдің оңтүстік бағытта сауда жолдарын әртараптандыруы — құрлықтағы Қытайды, Орталық Азияны, Батыс Азияны және әлемдік мұхитты жалғайтын сенімді көлік арнасын құруға негізделген стратегиялық есеп. Маскат пен Тегеранмен іс-қимылды үйлестіре отырып, аймақ елдері жаһандық сауданың жаңа жүйесін қалыптастыратын Еуразияның негізгі логистикалық көпіріне айналып келеді.
Көлік-транзиттік дәліздің бір тармағы Өзбекстан, Түрікменстан және Иранды жалғайтын теміржолмен, ал екінші бөлігі Иранның Бендер-Аббас пен Чабаһар порттарынан Оман порттарына дейін теңіз жолымен өтеді. Бұл дәліз қатысушы елдердің экономикасын алға бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға әрі ірі сыртқы инвестиция тартуға жол ашады деп күтілуде.



















