Америкалық инвестициялар Орталық Азия экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, өңірдегі ішкі реформалардың орнын баса алмайды.
Eurasia Today ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, бұл туралы Йорктаун институты жанындағы Turan Research Center зерттеушісі Рафаэль Саттаров мәлім етті.
Саттаров Exclusive.kz-ке берген сұхбатында америкалық инвестициялар Орталық Азиядағы ішкі реформалардың орнын неге баса алмайтынын, миллиардтаған долларлық меморандумдардың артында не тұрғанын және жаңа шикізаттық бәсекеден кім пайда көруі мүмкін екенін айтты.
Тілші: Рафаэль, Сіз бұған дейін Орталық Азия АҚШ мүдделерінің шет жағында тұр деп айтқан едіңіз. Бірақ жағдай өзгеріп келеді. Бүгінде Трамп әкімшілігі үшін Орталық Азия нені білдіреді: өз дербестігін көрсетуге тырысып отырған мемлекеттерді ме, стратегиялық маңызды минералдар көзін бе, әлде Қытай мен Ресей арасындағы бәсекелестік алаңын ба? Қай себеп шындыққа көбірек жақынырақ?
Рафаэль Саттаров: Меніңше, мұның бәрі қатар жүріп жатыр. Бұған дейінгі америкалық әкімшіліктердің саясатына қарасақ, басымдықтар өзгеріп отырған. Бір кезеңде демократияландыру мен қоғамды либерализациялау алдыңғы орынға шықса, кейін Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігін сақтау маңызды болды. Қазір бірінші орынға дәл осы егемендікті сақтау шықты. Өңір елдері Қытайдың немесе Ресейдің толықтай тәуелді аумақтарына айналып кетпеуі және Ресей үшін санкцияларды айналып өтетін аймаққа айналмауы тиіс. Әрине, ресурстар үшін күрес те бар. Әсіресе стратегиялық маңызды минералдар мен сирек жер металдарына қызығушылықтың артуы аясында бұл мәселе ерекше өзекті.
Орталық Азия қазірдің өзінде АҚШ сыртқы саясатындағы басым бағыттардың біріне айналды деп айта алмас едім. Бірақ C5+1 платформасы құрылғаннан кейін тәсіл өзгерді. Бұған дейін, меніңше, Американың өңірге қатысты саясаты көп жағдайда Кремльмен келісу арқылы жүзеге асырылатын. 2015 жылы C5+1 пайда болғаннан кейін америкалық дипломатия Мәскеуді айналып өтіп, жобаларды Орталық Азия елдерімен тікелей пысықтауға және өңірді жеке әрі тұтас аймақ ретінде қарастыруға кірісті. Яғни Пәкістан, Ауғанстан және басқа елдерді қосуға тырысқан «Үлкен Орталық Азия» тұжырымдамасы ретінде емес, дербес Орталық Азия ретінде қарастыра бастады.
Тілші: Тоқаев пен Мирзиёевтің АҚШ-қа сапарларынан кейін өзіндік жарыс пайда болды: кім көбірек келісімшарт әкелді — жүз миллиард долларға ма, әлде сексен миллиард долларға ма? Енді Марко Рубионың Самарқандқа сапарын күтіп отырмыз, жүзден астам америкалық компанияның келуі талқылануда. Бұл ықпалды көрсету ме, әлде нақты инвестициялық белсенділікке жасалған қадам ба? Мұның нақты нәтижесін қалай бағалауға болады?
Рафаэль Саттаров: Мұнда соның екеуі де бар. Америка тарапынан өңірге, әсіресе энергетикалық және минералдық ресурстарға шынымен де қызығушылық бар. Бірақ мұндай қызығушылық тек америкалықтарда ғана емес, түріктерде, француздар мен қытайларда да байқалады.
Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бәсекеге келсек, бұл — табиғи нәрсе. Әлемнің барлық елдері инвестиция үшін бәсекелеседі.
Тілші: Бірақ Самарқандтың таңдалуын көпшілік әлдеқашан сигнал ретінде қабылдап отыр: «АҚШ-тың жаңа фавориті — Өзбекстан». Мұндай түсіндіру шындыққа қаншалықты сәйкес келеді?
Рафаэль Саттаров: Білмеймін. Вашингтонда, керісінше, Қазақстан — Трамптың сүйіктісі деген әңгімелер жүреді. Бірақ Самарқандтың үлкен символдық мәні бар. Дәл сол жерде 2015 жылы C5+1 форматын құру туралы жарияланған болатын. Оның үстіне бұл Самарқандтағы алғашқы ірі саммит емес. Мұнда Түркі мемлекеттері ұйымының, Орталық Азия мен Еуропалық Одақтың кездесулері өткен. Самарқанд жағдайында мен мұны ең алдымен дипломатиялық дәстүрге құрмет деп қабылдаймын.
Сондықтан Рубио Қазақстанды айналып өтіп, Өзбекстанға басымдық беріп отыр деп айтпас едім. Көшбасшылық үшін бәсеке бар. Бірақ Қазақстан да, Өзбекстан да кейбір салаларда бірлескен көшбасшылықтың тиімді екенін түсінеді деп ойлаймын. Тікелей инвестициялар үшін бәсекелестік — бір бөлек мәселе. Ал логистика мен энергетика саласында бірлескен жобалар болмаса, инвестицияның Өзбекстанға да, Қазақстанға да келуі қиын.
Егер әр ел өз логистикалық мәселелерімен ғана шектеліп, жеке-дара әрекет етсе, табысты ілгерілеу болмайды. Кәсіпорындар үшін тауарлардың бір нүктеден екінші нүктеге үздіксіз тасымалдануы өте маңызды. Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелесетін салалар бар. Ал геосаяси ауқымда салыстырып, жарысудың қажеті жоқ салалар да жеткілікті. Мұнда жобаларды бірлесіп ілгерілету керек және оған Орталық Азияның барлық елдері қатысқаны жөн. Бұл логистикаға, инвестициялық ахуалға және визалық мәселелерге тікелей қатысты.
Тілші: Қазір бізде «жаңа мұнай» — стратегиялық маңызды минералдар пайда болды. Тарих қайталанып, біз қайтадан шикізат жеткізуші болып қалып қоймаймыз ба? Өңдеу мен қосылған құн шетелге кетіп қалмай ма деген алаңдаушылық бар. Бұған жол бермеу үшін Орталық Азияның келіссөз жүргізу мүмкіндігі бар ма?
Рафаэль Саттаров: Әрине. Біріншіден, тек шикізат өндіру туралы емес, бастапқы өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құру жөнінде де келісімдер жасауға болады. Екіншіден, жергілікті кадрларды даярлау туралы келісуге болады. Үшіншіден, бірлескен инвестициялық платформалар құруға болады. Оның үстіне, олар қазірдің өзінде бар.
Тілші: C5+1 форматының жұмыс істеп келе жатқанына біраз уақыт болды. Ол бес елге ортақ ұстанымдар қалыптастыруға көмектесе ала ма?
Рафаэль Саттаров: Мұнда бәрі ең алдымен америкалық тарапқа емес, Орталық Азия басшыларының өздеріне байланысты. Олар өңірлік деңгейде нені шешуге дайын, ал нені ұлттық деңгейде қалдырғысы келеді?
Өңір басшылары сыртқы саяси ұстанымдарды үйлестіру туралы декларацияларға бірнеше рет қол қойған. Ендігі мәселе — тәжірибеде. Олар мұны қаншалықты жүзеге асыруға дайын?
Нақты ұсыныстарға келетін болсақ, ең маңызды салалар бойынша, яғни логистика, инвестициялар және тағы басқа бағыттарда өңірлік өкілдер желісін құруға болады.




















