Ресейдің Ішкі істер министрлігі Украина президенті Владимир Зеленскийге іздеу жариялады.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, министрліктің мәліметтер базасындағы соңғы жаңартуларда Владимир Зеленскийдің аты-жөні іздеу қорына енгізілген.
Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің базасында: «Владимир Александрович Зеленский, 1978 жылдың 25 қаңтарда дүниеге келген. Қылмыстық кодекстің бабы бойынша іздеу жарияланды», делінген. Зеленскиийге қандай қылмыс негізінде іздеу жарияланғаны нақтыланбаған.
Мәліметтер базасында іздеуде жүрген адамның туған жері — Украинаның Днепропетровск облысы, Кривой Рог қаласы да көрсетілген.
Сондай-ақ, Ресей Ішкі істер министрлігі Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенконы да Ресейдегі іздеуде жүрген адамдар тізіміне енгізді.
Деректер базасында: «Петр Алексеевич Порошенко, 1965 жылдың 26 қыркүйекте дүниеге келген. Қылмыстық кодекстің бабы бойынша іздеу жарияланды» деп көрсетілген. Оның қандай бап бойынша іздестіріліп жатқаны жазылмаған. Деректер базасында іздеуде жүрген адамның туған жері — Украинаның Одесса облысының Болград қаласы көрсетілген.
Петр Порошенко 2014 -2019 жылдары Украина президенті болды.



















