Дональд Трамптың саяси ұстанымындағы күтпеген өзгерістер көпшіліктің таңданысын тудырып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше ғана Путиннен соғысты тоқтатуды талап еткен Трамп, бүгін Ресей дизеліне қатысты санкцияларды жеңілдетіп, Киевке қысым көрсетуге көшті.
Алайда бұл қадамдардың астарында тек америкалық сайлау немесе жергілікті рейтинг мәселесі емес, әлдеқайда терең экономикалық және жүйелік қатерлер жатыр. Шын мәнінде, бұл – жаһандық доллар жүйесін сақтап қалу үшін жасалып жатқан амал.
AҚШ ішіндегі жанармай бағасының өсуіне немесе республикашылдардың рейтингіне белгілі бір уақыт шыдауға болар еді. Алайда жаһандық Оңтүстік елдерінде ауыл шаруашылығы техникалары мен суару жүйелері отын жоқтығынан тоқтап қалса, ондағы үкіметтер Вашингтонның санкцияларына қарамастан кез келген жолмен отын іздеуге мәжбүр болады. Трамп бұл қауіпті сезініп, қолында қалған жалғыз тетік – Украинаға қысым жасау әдісін таңдады.
Энергетика нарығындағы жағдай күн санап нашарлап барады. Әлемдегі ең ірі мұнай саудагерлерінің бірі – Vitol компаниясының басшысы қыркүйек айының өзінде-ақ Ресейден келетін тәуліктік 2 миллион баррель мұнай өнімінің жеткізілімі тоқтағанын, ал Таяу Шығыстан келетін көлем де шамамен сонша мөлшерге азайғанын айтты. Ресей мен Парсы шығанағы елдері бірігіп, әлемдік теңіз саудасы арқылы тасымалданатын дизель отынының үштен бірін қамтамасыз етіп келген еді. Қазір бұл көлемнің орнын басатын басқа жеткізуші жоқ. Себебі АҚШ-тағы мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп тұр, ал әлем бойынша бос қуаттар қалмаған.
Қаңтар айында жағдай шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Өйткені бұл кезде Солтүстік жарты шарда жылыту маусымы басталса, Оңтүстік жарты шарда ауыл шаруашылығы жұмыстары қыза түседі. Санкцияларға дейін Ресей дизелі Түркия, Бразилия, Марокко, Мысыр және Сенегал сияқты елдерге жеткізілетін. Дизель отыны егін жинайтын техника, суару сорғылары мен тыңайтқыш тасымалдауда аса маңызды болғандықтан, отын тапшылығы бір мезетте үлкен азық-түлік дағдарысына ұласады.
Нан мен азық-түлік бағасы субсидияланатын жаһандық Оңтүстік елдерінде бұл жағдай жаппай тәртіпсіздіктерге және үкіметтердің құлауына әкеп соғуы әбден мүмкін. Әсіресе өзінде мұнай өңдеу өндірісі жоқ Эфиопия, Конго, Танзания, Кения, Уганда, Мозамбик, Мадагаскар, Камерун, Мали, Непал және Пәкістан сияқты елдер ең осал топқа жатады. Бұл аймақтардағы шамамен 1 миллиард халық дайын отынды Парсы шығанағы мен Ресейден танкерлер арқылы алып келген еді. Енді олар Еуропа және Бразилиямен бірге Азия дизелі үшін бір кезекке тұруға мәжбүр.
Оның үстіне, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдар қазір тоқтатылған күннің өзінде, қаңтардағы дағдарыстың алдын алу мүмкін емес. Зақымдалған каталитикалық крекинг қондырғыларын қалпына келтіру айларға созылады, ал оларға қажетті батыстық жабдықтар санкциялар салдарынан жеткізілмейді. Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің отын экспортын оңтайлы сценарийдің өзінде келесі жылдың ортасына дейін толық қалпына келтіру екіталай.
Осындай қауырт жағдайда АҚШ қабылдаған «дизель келісімі» қарашадағы сайлауға арналған уақытша шоу сияқты көрінеді. Трамп алғашқы 300 мың тонна шамамен 2,2 миллион баррель отынның нарыққа шығарылатынын мәлімдеді. Бірақ бұл АҚШ-тың небәрі жарты күндік тұтынуына ғана жетеді. Сәуірге дейін жеткізіледі делінген 4,8 миллион тонна отын Американың бір апталық қажеттілігін ғана өтейді, яғни бұл өте аз көлем.
Бұл мәселенің артында жаһандық доллар жүйесінің тағдыры тұр. Әлемдік қаржы жүйесі Түркия, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия сияқты елдердің долларлық есеп айырысу ережелерін өз еркімен сақтауына негізделген. Өйткені бұған дейін санкцияларды бұзудың құны оларды сақтаудан қымбатырақ еді. Алайда көктемгі егіс пен нан бағасы шешуші мәселеге айналғанда, бұл елдер кез келген көзден, тіпті ең қатігез режимдерден де отын іздеуге мәжбүр болады. Вашингтонның санкцияларын салдарсыз елемеуге болатынын бір рет көрсеткеннен кейін, бұл елдердің бұрынғы тәртіпке оралуы екіталай.
Мәскеуге қарсы басқа қысым құралдары таусылған соң, Вашингтон әрекетті Киевке қарай бағыттады. Украинаны шабуылдарды біржақты тоқтатуға шақыру, барлау ақпаратын беруді шектеу туралы әңгімелер, сондай-ақ Трамп пен Масктың Зеленскийді биліктен кетіру қажеттігін айтып, Starlink жүйесін өшірумен қорқытуы осының айғағы. Трамп дизель тапшылығының негізгі себебі Таяу Шығыс емес, Ресей мен Украина арасындағы соғыс екенін мәлімдеп, жауапкершілікті толығымен Киевке жүктеді.
Алайда Украина бұл соққыларды тоқтатпайды, өйткені Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдар – олардың қолындағы жалғыз әсерлі тетік. АҚШ үшін бұл тығырықтан шығудың бірнеше жолы қарастырылуда, атап айтқанда Зеленскийді биліктен шеттетудің үш нұсқасы талқыланып жатыр.
Бірінші нұсқа- арнайы операция. Венесуэладағыдай түнде десант түсіріп ұстау сценарийі өте қауіпті, өйткені Киев Каракас емес және бұл 1993 жылғы Могадишо оқиғасынан да ауыр әскери салдарға әкелуі мүмкін.
Екінші нұсқа- ішкі саяси коалиция. Парламент арқылы импичмент жариялау немесе саяси күштерді біріктіру. Алайда 450 депутаттың 338-інің дауысы қажет екенін және соғыс жағдайында сайлау өткізуге тыйым салынғанын ескерсек, бұл заңды жолмен жүзеге асуы мүмкін емес.
Үшінші нұсқа – әскери төңкеріс. Тарихи тәжірибеге сүйенсек мысалы, 1963 жылы Вьетнамдағы Нго Динь Зьем режимін құлату оқиғасы сияқты халық пен әскерилер арасында беделі бар Валерий Залужный, Кирилл Буданов немесе Михаил Федоров сияқты жетекшілерге арқа сүйеу арқылы билікті ауыстыру сценарийі.
Дегенмен, билікке жаңа президент келген күннің өзінде Украина армиясы капитуляцияға немесе Ресейдің энергетикалық нысандарына жасалатын соққылардан біржақты бас тартуға келіспейді. Себебі олардың жоғалтатыны тек аумақтар ғана емес, сонымен қатар Ресей түрмелеріндегі әскери тұтқындардың ауыр жағдайынан туындаған үлкен сенімсіздік пен қарсылық рухы.
Қорытындылай келгенде, Америка әкімшілігі қандай саяси айла-шарғылар мен қысымдарды қолданса да, физикалық қолжетімді дизель көлемі бірден артып кетпейді. Соғыстың жалғасуы және жаһандық отын дағдарысы әлемдік доллар жүйесіне сызат түсіріп, экономикалық тұрақтылықты әлсірете түсуде.
Авторы: Игорь Димитриев



















