Ауғанстан көрмесі Алматы қаласында тамыз айының соңына жоспарланған.
Еуразия Тудейдің Tolonews басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ауғанстанның Индустрия және сауда министрі міндетін атқарушы Нуруддин Азизи Алматыда шамамен 20 күннен кейін көрме өтетінін мәлімдеді.
Нуруддин Азизидің айтуы бойынша, Алматыда өтетін көрмеге 300-ге жуық делегат қатысады. Олардың қатарында Талибан қозғалысының өкілдері де бар.
Ауғанстан бұған дейін осындай көрмелерді Өзбекстанда, Түркіменстанда және Қытайда өткізген. Қытайда алты күнге созылған Ауғанстан көрмесі шілде айының соңында өтті.
Ауғанстан Сауда және инвестиция палатасы өкілінің айтуынша, еліндегі саудагерлердің халықаралық көрмелерге қатысуы осы елдің Орталық Азия елдерімен сауда қарым-қатынасын кеңейткенін білдіреді.
Ауғанстанның Сауда және инвестиция палатасының директорлар кеңесінің мүшесі Ханжан Алокозайдың айтуынша, өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығарғысы келетін компания немесе ел көрмелерге қатысуы керек. Сонымен қатар ол Қазақстанда өтетін көрменің барлығы үшін тиімді екенін атап өтті.
Экономикалық сарапшы Шакер Якубидің айтуы бойынша, көрмелер Ауғанстанның экспортын айтарлықтай арттырып, басқа елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтады.



















