Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудің маңызды екенін атап өтіп, Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспсаөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, тамыздың 21 күні Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдауында Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді.
Президентке Kaspi.kz компаниясы қызметінің нәтижелері мен шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа сервис құру жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Мемлекет басшысына ұсынылған ақпаратқа сәйкес, бүгінде 700 мыңға жуық отандық кәсіпкер өз бизнесін Kaspi.kz технологияларының көмегімен дамытып жатыр. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде тауарлар мен қызметтер үшін 12 триллион теңге көлемінде қолма-қол ақшасыз төлем жасалып, 150 мың жеке кәсіпкер тіркелген.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген онлайн-сервистердің көмегімен қазақстандықтар салықтарды мерзімінде төлеу мүмкіндігіне ие болды. 2024 жылдың 6 айында аталған қызметтер арқылы бюджетке 1,1 триллион теңгеден астам салықтар мен басқа да төлемдер түскен.
Kaspi Bank – Бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан Kaspi.kz қосымшасы арқылы қаржы қызметтері мен өнімдер ұсынатын қазақстандық танымал банк.












