Түркия Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гюлер бастаған делегация Қазақстанға ресми сапармен келді.
Еуразия Тудейдің ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстан мен Түркияның Қорғаныс министрлері келіссөз жүргізіп, ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады.
Түркия Қорғаныс министрі Яшар Гюлер «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін Қазақстан Қорғаныс министрлігінде құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестрдің қатысуымен ол кісіні салтанатты қарсы алды.
Қазақстан мен Түркия Қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Яшар Гюлер кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап, әскери-техникалық ынтымақтастық, жауынгерлік дайындық және әскери білім беру мәселелерін талқылады.
Руслан Жақсылықов кездесуде бүгінде екі елдің қорғаныс ведомстволары арасында қызметтің көптеген бағыттары, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша тығыз қарым-қатынас дамығанын айтты.
Жақсылықовтың айтуы бойынша, Қазақстанның әскери қызметшілері Түркия аумағында өткізілетін «Efes» және «Қыш» жаттығуларына тұрақты негізде қатысып келеді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов: «Біздің курсанттар Түркияның әскери жоғары оқу орындарында білім алуда. Жыл сайын екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасу жүргізіледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын», -деді.
Өз кезегінде Яшар Гюлер қорғаныс ведомстволары арасындағы әріптестіктің қарқынды дамығанын атап, жылышырайлы қабылдау үшін ризашылығын білдірді. Түркия Қорғаныс министрі: «Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Біз оқу-жаттығуларымызда Қазақстан әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейін ерекше атап өтеміз. Осы бағыттағы өзара іс-қимылды арттыруға мүдделіміз»,-деді.
Яшар Гюлер құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырып, серіктестік қатынасты дамытуға өзара ұмтылыстың белгісі ретінде Қазақстан Қорғаныс министрлігі ғимаратының жанындағы «Достық аллеясына» ағаш отырғызды.



















