БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 15 мүшеден тұратын Қауіпсіздік Кеңесін Газа, Украина және Судандағы соғыстарды тоқтата алмағаны үшін сынады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш эксклюзивті сұхбатында Қауіпсіздік Кеңесін ескірген, әділетсіз және тиімсіз жүйе деп атап, оның Израильдің Газаға қарсы соғысын тоқтата алмауы ұйымның беделіне нұқсан келтірді деп мәлімдеді.
Гутерриш 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін құрылған Қауіпсіздік Кеңестің халықаралық қатынастың бейбіт және қауіпсіз қалпын сақтау мақсатындағы сәтсіздіктерін сынға алып, оның тұрақты мүшелерінің вето құқығына ие болуын бұл мақсатқа жетуге кедергі келтіріп отыр деп атады. БҰҰ Бас хатшысы Қауіпсіздік Кеңесі қазіргі әлемге сәйкес келмейді деп баса айтты.
Гутерриш сөзінің жалғасында: «Қауіпсіздік Кеңесі Судан, Газа және Украина сияқты бүгінгі қақтығыстарды тоқтата алмауына байланысты жүйелі түрде сәтсіздікке ұшырады», -деді.
Ол Газа секторында соғыс басталғаннан бері БҰҰ-ның Батыс Азиядағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің 200-ден астам қызметкерінің қаза тапқанына тоқталып: «Бастапқыда агенттікті қолдауды тоқтатқан көптеген елдер UNRWA- ға көмек көрсетуді қайта бастап, көмекті жалғастыруда. Ұлы державалар арасындағы геосаяси алауыздық әлемнің кез келген жеріндегі әрбір ел немесе әрбір қозғалыс өзі қалағанын жасай алатындай жағдай туғызды, өйткені жаза да, жауапкершілік те жоқ», — деді.
Сонымен қатар Гутерриш АҚШ Израильдің Газа секторына басып кіруін тоқтату үшін сионистік режимге көбірек қысым жасауы керек екенін мәлімдеді.



















