Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы төрт пайызға өсті.
Еуразия Тудейдің ҚР Экономика министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Үкімет отырысында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі төрт пайызды құрағанын баяндады. Нақты секторда оң динамика бес пайызды, қызмет көрсету саласында 3,8 пайызды құрады.
Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Көлік қызметі 8,0 пайызға, байланыс 6,4 пайызға, сауда 6,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 4,8 пайызға өсті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6 пайызды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7 пайызға, білім беруде – 79,3 пайызға, көлікте – 31,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 6,3 пайызға, денсаулық сақтауда – 4,8 пайызға өсті.
Қаңтар-тамызда еліміздің сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құрады. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең.












