Мемлекет басшысы Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Маңғыстау облысында Әзірбайжанның әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері мен жолаушылардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатында: «Орны толмас ауыр қайғыға ортақтаса отырып, Сізге, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына және барша Әзірбайжан халқына көңіл айтамын. Менің тапсырмаммен Қазақстан Үкіметі мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия құтқару операциясы аясында тиісті шаралар қабылдап, Әзірбайжан тарапына қажетті көмек көрсетеді», – деп жазылған.
Бүгін, желтоқсанның 25 күні Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласының маңында «Баку-Грозный» бағытындағы Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады.
Әзірбайжан тарапының алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі, соның ішінде 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.












