БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сионистік режимнің Йеменге шабуылдарын алаңдатарлық деп атап, барлық тарапты ұстамдылыққа шақырып, аймақта әскери әрекеттерді доғаруды талап етті.
Гутерриштің баспасөз өкілдерінің бірі Стефани Тремблей бүгін, жұма күні таңертең Біріккен Ұлттар Ұйымының веб-сайтында жарияланған мәлімдемесінде: “Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Йемен мен Израиль арасындағы қақтығыстардың күшеюін айыптайды. Израильдің Санадағы халықаралық әуежай мен Қызыл теңіз бен Йемендегі электр тасымалдайтын орталықтарға жасаған әуе шабуылдары алаңдатарлық” — деп жазды.
Мәлімдемеде әуе шабуылдарында кемінде үш адам көз жұмып, басқа ондаған адамның жарақат алғанына сілтеме жасалып: “Сана әуежайы нысанаға алынған кезде БҰҰ-ның әуе гуманитарлық қызмет көрсету бөлімінің бір қызметкері жараланды”, — деп жазылған.
БҰҰ-ның бас хатшысы: “Халықаралық заңдар, соның ішінде гуманитарлық заңдар әрдайым құрметтелуі керек. Барлық тарап бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымдарды қорғауы керек. Жәрдем жеткізетін персоналдар да нысанаға алынбауы қажет” — деп баса айтты.
Гутерриш аймақтағы қақтығыстардың артуына қатты алаңдаушылық білдіріп, қатысушыларды барлық әскери әрекеттерді доғаруға, барынша ұстамдылық танытуға шақырды.
БҰҰ Бас хатшысы былай деп ескертті: “Миллиондаған адам құтқару көмегіне мұқтаж жағдайда Қызыл теңіздегі айлақтар мен Санадағы әуежайға жасалған шабуылдар гуманитарлық амалдар үшін үлкен қауіп-қатер тудырады”.
Сионистік режимнің қырғи ұшақтары кеше бейсенбі күні жеті әуе шабуылын жасап, Сана мен Ходейда провинцияларындағы нысандарды бомбалады. Санадағы электр стансасы мен Ходейдадағы инфрақұрылымдар шабуылдардың осы кезеңінде нысанаға алынды.
Сионистік армия радиосы әскери дереккөзіне сілтеме жасап, бұл шабуылда Сана әуежайы, Ходейда айлағы мен мұнай орталықтары нысанаға алынғанын хабарлады.
Еврей тіліндегі дереккөздер бұл шабуылды Йеменге жасалған ең ауқымды шабуыл деп атап, оған ондаған израильдік қырғи ұшақтың қатысқанын растады.












