Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігінің астанасы Амманға ресми сапармен келді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысын Аммандағы Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайда ханзада Әли бен әл-Хусейн мен Иордания Премьер-министрі Жафар Хасан қарсы алды.
Сапар аясында Король II Абдалламен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіліп, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады.
Айта кетейік, ҚР Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың Иорданияға 2009 жылы ресми барғанын ескерсек, бұл Қазақстан Республикасы Президентінің Иордан Хашимит Корольдігіне он алты жылдан кейін жасаған алғашқы сапары саналады.
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Королдігіндегі Елшілігі баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Иордания Королі Абдалла II Қазақстанда жеті рет: 2005 ж., 2007 ж. және 2017 ж. — ресми, 2008 ж. және 2010 ж. — жеке, 2014 ж. және 2015 ж. жұмыс сапарларымен болды.
ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Иордания Королі Абдалла II-мен 2019 ж. 25 қыркүйекте БҰҰ БА-ның Нью-Йорк қаласындағы 74-ші және 2022 ж. 20 қыркүйектегі 77-ші сессияларында кездесіп, келіссөз жүргізді.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылғы 9 ақпанда орнады.
Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігі 2007 жылғы шілдеде ашылды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Иордания арасындағы тауар айналымы 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 4,5 млн., оның ішінде 3,7 млн. экспортты, 816 мың импортты құрады.















