Иран СІМ Сейіт Аббас Арақчи Иран халқының уран байыту құқығынан бас тартпайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Иран Сыртқы істер министрі Сейіт Аббас Арақчи бұл туралы Американың CBS арнасына берген сұхбатта мәлімдеді.
Арақчи сионистік режимнің Иранға жуырда жасаған шапқыншылығына сілтеме жасап: «Біз он екі күндік таңған соғысты бастан өткердік. Сондықтан біздің халқымыз уран байытудан оңайлықпен бас тарта қоймайды. Сонымен қатар келіссөздер жақын арада жандана қояды деп те ойламаймын», — деді.
Иранның ядролық мәселедегі аға келісімгері осы сұхбатта сондай-ақ, Америка мен сионистік режимнің келіссөзбен бір мезгілде Иран жеріне шабуыл мен басқыншылық жасаудағы үйлесімділігіне сілтеме жасап: «Келіссөздерді қайта бастау үшін шешім қабылдауға алдымен келіссөз жүріп жатқан кезде Вашингтонның бізге тағы әскери шабуыл жасамайтындығына сенімді болуымыз керек. Аталған жәйттардың барлығын назарға алып шешім қабылдау үшін бізге көбірек уақыт керек. Дегенмен дипломатияның есігі ешқашан жабылмайды», — деді.
Арақчи Иранның технология саласындағы жетістіктеріне тоқталып: “Технология мен уран байыту ғылымын бомбалау арқылы жою мүмкін емес. Еліміздің бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасы ұлттық мақтаныш пен абыройға айналды. Біз осы соғыс барысында өзімізді қорғау әлеуетіне ие екенімізді көрсеттік. Кез келген басқыншылық орын алған жағдайда осы үдерісті жалғастырамыз”, — деді.












