Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Біріккен Араб Әмірліктерінде шейх Абдулла бен Мохаммед бин Бутти Әл Хамедке Talgar Eco City жобасының бас жоспарын таныстырды.
Еуразия Тудейдің Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев БАӘ Ұлттық БАҚ кеңсесінің басшысы және БАӘ БАҚ кеңесінің төрағасы Абдулла бен Мохаммед бин Бутти Әл Хамед пен Talgar Eco City жобасының бастамашысы және иесі Бақыт Атайбековпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында ауқымды Talgar Eco City жобасының бас жоспары таныстырылды. Келіссөздер Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек қолдауымен өтіп, өңірдің инфрақұрылымын дамыту мен қаржыландыру мәселелеріне арналды.
Талғар қаласы мен Ақдала ауылын қамтитын Talgar Eco City жобасы шамамен 600 гектар аумақты алады. Жоба аясында тұрғын үй кешендері, мектептер, медициналық мекемелер, сауда-ойын-сауық орталықтары салу және жасыл қоғамдық кеңістіктер құру жоспарланып отыр. Концепция экологиялық тазалық және «жасыл» технологияларды қолдану қағидаларына негізделген.
Бас жоспарды БАӘ-нің AE7 халықаралық компаниясы әзірледі. Жобаны жүзеге асыру мақсатында 2025 жылғы шілдеде Алматы Халықаралық Қаржы Орталығының базасында қазақстандық Dinar Holding Ltd. пен әмірліктерлік 44Degree компанияларының қатысуымен Talgar Development Ltd. бірлескен кәсіпорны құрылды.












