Біріккен Ұлттар Ұйымының комитеті Израильдің Газа секторына жасаған екі жылға жуық шабуылынан кем дегенде 21 мың бала мүгедек болғанын мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің сарапшылары кеше, сәрсенбі күні Женевада өткен брифингте баяндама жасап, Израильдің соңғы уақыттағы шабуылдарынан Газа секторындағы 40 500-ге жуық баланың түрлі жарақат алғанын, олардың 50 пайыздан астамы өмір бойына мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар, баяндамада Газада мамандандырылған көмектің, медициналық құрал-жабдықтардың және көмекші құралдардың жетіспеуі мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарт адамдар арасындағы өлім-жітімнің артуына әсер ететіні баса айтылған.
Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Израильдің шабуылдары салдарынан секторда қаза тапқан палестиналықтардың жалпы саны 63 мыңнан асып, 161 мыңнан астамы жарақат алды. Сонымен қатар, 367 жергілікті тұрғын, оның ішінде 131 бала аштықтан көз жұмды.



















