Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Судандағы қарулы қақтығыстың бақылаудан шығып бара жатқанын мәлім етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Антониу Гутерриш әлемдік қауымдастықты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін дереу шара қабылдауға шақырды.
Гутерриш Катарда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Дарфур аймағындағы Эль-Фашир қаласында болып жатқан жағдай әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың біріне айналып бара жатқанын атап айтты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы: “Бізге адам құқықтарының жаппай бұзылуы туралы хабарлар үнемі түсіп отырады. Жүздеген мың бейбіт тұрғын қоршауда қалды, адамдар аштықтан, түрлі аурудан және зорлық-зомбылықтан қаза табуда”, – деді.
Гутерриш тараптарды атысты дереу тоқтатуға және барлық елді Суданға қару жеткізуді тоқтатуға шақырып: “Халықаралық қауымдастық пен Судандағы жағдайға ықпал ете алатын барлық күшті біріктіру қажет. Біз атысты дереу тоқтатуымыз керек. Бұл қорқынышты соғысты тоқтату қажет. Ең маңызды шарттардың бірі – елге қару жеткізуді доғару. Сондай-ақ, жасалып жатқан қылмыстар үшін жауапкершілік тетіктерін құруымыз қажет”, – деді.
Еске салайық, Суданда 2023 жылдың 15 сәуірінен бері ел армиясы мен Жедел әрекет ету күштері арасында қанды қақтығыс жалғасып келеді.
Қақтығыс салдарынан Эль-Фашир қаласы Жедел әрекет ету күштерінің бақылауына өтіп, он мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Жарияланған бейнежазбаларда бейбіт тұрғындарды күштеп көшіру, өлтіру және азаптау фактілері тіркелген.



















