Иран Президенті Масуд Пезешкиан келесі айда Қазақстанға келеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бүгін, 18 қарашада Каспий жағалауындағы елдер губернаторларының Халықаралық саммитінде мәлімдеді.
Арақчи: «Бізбен көршілес мемлекеттер — біздің басымдылықтарымыз. Бұл Иран Ислам Республикасы сыртқы саясатындағы ең маңызды қағидат. Біз көршілерімізбен байланысты арттыру үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тіпті қауіпсіздік сияқты маңызды әлеуеттерді пайдалануды жоспарладық. Біз сыртқы саясатымыздың осы бағыттарда дамуына күш саламыз», — деді.
Ол сөзінің келесі бір бөлігінде: «ИИР-ның Каспий теңізі жағалауындағы елдермен байланысы тамаша. Біз бұл елдердің барлығымен жақсы қарым-қатынас, кейбіреуімен стратегиялық байланыс орнаттық. Ресей Федерациясы стратегиялық серіктесіміз. Иран мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік туралы 20 жылдық ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге екі ел президенттері былтыр қол қойды. Иран мен Ресей арасында тығыз халықаралық саяси және экономикалық байланыс жалғасуда.
Доктор Пезешкиан Ресейге барды. Әзірбайжанға да өте маңызды сапар жасады.
Менің ойымша, ол келесі айда Қазақстан мен Түрікменстанға барады. Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттердің басшылары арасындағы қарым-қатынас өте тығыз және өте маңызды» — деді.
Каспий бассейні елдерінің Каспий жағалауы аймақтары губернаторларының алғашқы саммиті бүгін, 2025 жылдың 18 қарашасы, сейсенбі күні Иранның Гилан провинциясында басталды.
«Каспий теңізі: достық пен аймақтық даму көпірі» ұранымен өтетін іс-шара екі күнге созылады.












