Әзербайжан, Ресей және Иран “Солтүстік-Оңтүстік” бағытының тиімділігін арттыру туралы өзара Меморандумға қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, аталмыш құжатқа “Әзербайжан темір жолдары” ЖАҚ төрағасы Ровшан Рустамов, “Ресей темір жолдары” ААҚ бас директоры, басқарма төрағасы Олег Белозёров және Иран темір жол компаниясының бас директоры Джаббар Әли Закери қол қойды.
Құжат тарифтік тәсілдерді үйлестіруді, бірыңғай кешенді тариф қалыптастыруды, тұрақты блоктық пойыздарды іске қосуды және тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуді көздейді.
Меморандумға қол қою ұзақ мерзімді үшжақты ынтымақтастықты дамытудағы және “Солтүстік-Оңтүстік” бағытының батыс бөлігінің тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болмақ.
Бұл тетіктерді жүзеге асыру Ресей, Әзербайжан және Иран арасындағы логистикалық тізбекті анағұрлым болжамды, жылдам және экономикалық тұрғыдан тиімді етеді.
Сонымен қатар, келісім тараптардың халықаралық көлік дәліздерінде сенімді қатысушылар ретіндегі ұстанымын нығайтып, аймақтағы транзиттік ағындардың тұрақты өсуіне қолайлы жағдай жасайды.
Айта кетейік, Әзербайжан, Ресей және Иран Меморандумға Баку қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Теміржол көлігі кеңесінің 83-ші отырысы аясында қол қойды.

















