Еуропалық Одақтың Гренландия бойынша шұғыл саммиті 22 қаңтарда өтеді.
Еуразия Тудейдің DW агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Еуропалық Одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары ертең, 22 қаңтар күні кешке Брюссельде Гренландия төңірегіндегі жағдайға байланысты шұғыл саммитке жиналады. Бұл туралы Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштаның өкілі хабарлады.
Еуропалық көшбасшылар жиында АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландия мәселесіндегі ұстанымдарына байланысты Германия және Еуропаның тағы жеті еліне 10 пайыздық кедендік баж салығын енгізу қаупіне ортақ жауапты талқылайды.
Еуропалық Одақтың экономикалық мәселелер жөніндегі комиссары Валдис Домбровскистің айтуынша, Еуропалық Одақ тарапынан қарсы санкциялар енгізілуі әбден мүмкін. Еурокомиссия өкілі 7 ақпаннан бастап жалпы құны 93 млрд еуроны құрайтын АҚШ тауарларына арнайы тарифтер күшіне енуі мүмкін екенін растады. Бұл баж салығы 2025 жылы АҚШ-пен болған тарифтік даудың аясында дайындалған. Сонымен қатар, Еуропарламент Дональд Трамптың экономикалық қоқан-лоққыларынан кейін АҚШ-пен трансатлантикалық сауда келісімін ратификациялауды тоқтатты.
Der Spiegel мен Reuters мәліметінше, Брюссель тіпті америкалық компаниялардың Еуропа аумағындағы жұмысын шектеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Айта кетейік, Трамп 16 қаңтарда Ұлыбритания, Германия, Дания, Нидерланд, Норвегия, Финляндия, Франция және Швеция АҚШ-тың Гренландияға қатысты талаптарын қолдамаса, оларға 10 пайыздық баж салығын енгізумен қоқан-лоққы жасады.


















