Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Желдібай Руслан Телеграмдағы арнасында мәлімдеді.
Р. Желдібайдың айтуы бойынша бірқатар БАҚ өкілдері Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінде Мемлекет басшысы мен Америка Президенті арасындағы қысқаша әңгіменің мазмұнына қатысты сауал жолдаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі.
Еске салайық, бүгін 22 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Давос қаласына жұмыс сапарымен келді.












