Алматыдағы Иран Бас консулдығының ұйымдастыруымен Иран ислам төңкерісі жеңісінің 47-жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Еуразия Тудей тілшісінің хабарлауы бойынша Иран ислам төңкерісі жеңісінің 47-жылдығына арналған салтанатты шараға Алматыдағы шетелдік димломатиялық өкілдіктердің дипломаттары мен жоғары оқу орындарының басшылары, ирантанушылар, парсы тілінің оқытушыларыы мен аудармашылар, журналистер және Иран консулдығымен ынтымақтастық жасайтын ұйымдар мен мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты.
Шараның басында келушілердің назарына ЮНЕСКО-да тіркелген “Иранның тарихи мұрасы” атты фотокөрме ұйымдастырылып, осы елдің тарихи, табиғи көрнекті мекендері мен көне құрылыстарының суреттері көрсетілді.
Шараның ресми бөлімінде Алматыдағы Иранның Бас консулы Сона Ахмади ханым сөз сөйлеп, соңғы бес онжылдықта Иран Ислам Республикасы аймақтық және халықаралық деңгейдегі күрделі өзгерістерге қарамастан, ішкі әлеуетке, қоғамдық бірлікке және жоғары білікті адами ресурстарға сүйене отырып, түрлі салада елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін айтты.
Сыртқы саясатта Иран Ислам Республикасы теңгерімді сыртқы саяси бағытқа, белсенді дипломатияға және салмақты өзара іс-қимылға сүйене отырып, көрші елдермен, жаңа күш орталықтарымен қарым-қатынасты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын, сондай-ақ негізгі аймақтық және халықаралық ұйымдардың жұмысына белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Иран өзін аймақ пен әлемде жауапты, тәуелсіз әрі ықпалды мемлекет санайтынын, бейбітшілік, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету жолында диалогты, көпжақты ынтымақтастықты және бірлескен күш-жігерді әрдайым қолдайтынын баса айтты.
Екіжақты қатынас тұрғысынан, Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы байланыстың Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап достық сипатқа ие болып, тату көршілік қағидаттарына негізделгенін қуаттады.
Ирандық дипломат өткен жыл Иран Ислам Республикасы үшін оңай болмағанын, елеулі сын-қатерлермен қатар жүргенін айтып: «Сыртқы қысымдарға қарамастан, Иран ядролық келіссөздерге ізгі ниетпен қатысты. Алайда сонымен қатар АҚШ-тың қатысуымен сионистік режимнің Иранға қарсы әскери агрессиясына куә болдық. Бұл айтарлықтай адам шығыны мен экономикалық залал келтірді. Бұған қоса, бастапқыда бейбіт түрде басталған экономикалық наразылықтар радикалды және күш қолданатын топтардың теріс әрекеттері салдарынан тәртіпсіздіктерге ұласты. Мемлекет азаматтардың құқықтарын құрметтей отырып, барынша сабырлық танытты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өз міндетін орындады. Бүгінде Иран ұлттық егемендікті табандылықпен қорғаумен қатар, дипломатияны халық мүддесін қорғаудың, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі жолы ретінде қарастырады», — деді.
Ираның Алматыдағы Бас консулы сөзінің соңында Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы халықтары мен үкіметтеріне бейбітшілік, тұрақтылық, даму және әл-ауқат тіледі.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов сөз алып, екі ел арасындағы экономика саласында қол қойылған келісімдерге тоқталып, Қазақстанның Иранмен сенімді серіктестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап айтты. Қазақстан үшін Таяу Шығыс, Африка, Оңтүстік-шығыс Азия нарықтарымен байланыстарын ең қысқа транзиттік бағыт Иран аумағы арқылы өтетінін еске салып, Иран халқына амандық пен өркендеу, барша халыққа бейбітшілік пен достық тіледі.












