Иран мен Америка Құрама Штаттары 26 ақпан күні Женевада келіссөздердің үшінші кезеңін өткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі бейсенбі, 26 ақпан күні Женевада өтеді. Бұл туралы Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди мәлімдеді.
Бадр әл-Бусаиди X әлеуметтік желісінде: “Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіссөздердің осы кезеңін бейсенбі күні Женевада өткізу жоспарланғанын растауға қуаныштымын. Біз келісімді аяқтау үшін қосымша күш салуға дайынбыз әрі келіссөздер позитивті түрде өтеді деп үміттенеміз”, — деп жазды.
Иран мен АҚШ арасындағы алғашқы жанама келіссөздер 6 ақпан күні Масқат қаласында Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидидің арағайындығымен өтті. Келіссөздердің екінші кезеңі 17 ақпан күні Женевада, БҰҰ жанындағы Оман елшісінің резиденциясында өтті. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Тегеран мен Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ықтимал келісім мәтінімен жұмыс істейтінін, кейін келесі келіссөздер кезеңінің күнін белгілейтінін айтқан болатын.















