Иран Президенті Масуд Пезешкиан Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт реттеу барысын жоғары бағалады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт реттеу үдерісіндегі ілгерілеушілікке ризашылығын білдіріп, бұл процесті өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен ынтымақтастықты дамыту жолындағы оң қадам деп атады.
Бұл туралы Президент Пезешкиан Тегеранда Армения Қорғаныс министрі Сурен Папикянмен кездесуі барысында мәлімдеді.
Масуд Пезешкиан: “Біз халықтар өзара құрмет пен бейбітшілікте қатар өмір сүретін әлем құру үшін сындарлы өзара іс-қимыл жолымен жүруіміз керек”, — деді.
Сондай-ақ, Пезешкиан Иранның көрші елдермен, әсіресе Армениямен, жан-жақты қарым-қатынасты кеңейтуге және тереңдетуге дайын екенін айтты. Бұдан бөлек, Тегеран мен Ереван арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы құжатты аяқтауға дайын екенін қуаттады.
Пезешкианның айтуынша, Иран саясаты аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты қауіпсіздікті қолдауға бағытталған. Иран Президенті кез келген тұрақсыздық тудыратын әрекеттер өңірдегі барлық мемлекетке зиян келтіретінін баса айтты.
Сурен Папикян қорғаныс, экономика және көлік салаларындағы табысты ынтымақтастыққа тоқталып, көрші Иранмен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын айтты.















