Ислам революциясы Сақшылар корпусының «Саджил» зымыранын қолдануы әлемдік және әскери сарапшылардың бірден назарын аударды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Ислам революциясы Сақшылары корпусы алғаш рет екі сатылы “Саджил” зымыранын «Шыншыл уәде 4» операциясының 54-ші толқыны барысында қолданды.
Бұл бірден әлемдік және әскери сарапшылардың назарын аударды. Себебі бұл жаңа қару АҚШ пен Израильдің заманауи зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің мүмкіндіктеріне күмән келтіретін сипаттарға ие. Иранның бұл жаңа қаруы Пентагон үшін бас ауруына айналғаны туралы белгілі әскери сарапшы Юрий Кнутов пікір білдірді.
Сарапшының айтуы бойынша, жаңа зымыранның басты ерекшелігі оның құпиялығында. “Саджил” зымыранының ашық сынақтардан өтіп, анықтамалықтарға енгізілетін көптеген қару үлгілерінен айырмашылығы Батыс барлау қызметтері үшін «жабық жәшік» күйінде қалып отыр.
Юрий Кнутов: «Зымыран туралы ашық деректер жоқ. Белгілісі, зымыран екі сатылы. Болжам бойынша, оның оқтұмсығы шамамен 1,5 тонна. Ұшу қашықтығы 2000 шақырымдай. Бірақ екі сатылы зымыран үшін бұл аз болуы мүмкін. Сондықтан зымыранның нақты қашықтығы әлдеқайда көп болуы ықтимал. Зымыран оқтұмсық кассеталық та, біртұтас та болуы мүмкін. Бұл Саджил зымыранын өте қауіпті қаруға айналдырады»,-деді.
Ақпараттың жетіспеушілігі АҚШ қорғаныс құрылымдары үшін үлкен мәселе туғызуда. Ұшу параметрлері мен бағытталу тәсілдері белгісіз болғандықтан, ұстап қалу жүйелері үшін тиімді алгоритмдер жасау қиын.
Сарапшының айтуы бойынша, Иран әскері тек қуатқа ғана емес, жылдамдыққа да мән береді. “Саджил” зымыраны бұрынғы зымырандарға қарағанда қорғаныс шептерін әлдеқайда жылдам бұза алады.
Сарапшы Кнутовтың сөзінше, жоғары жылдамдық сипаттамалары бұл қаруды ұстап қалуды одан әрі қиындатады.
Зымырандар әскери инфрақұрылым нысандарына, басқару орталықтары мен әскер шоғырланған орындарға шабуыл жасау үшін қолданылған. Бақылаушылардың айтуынша, нысандардың таңдалуы жаңа қарудың жоғары дәлдігін көрсетеді. “Саджил” зымыранының пайда болуы соғыс жүргізу тактикасын өзгертіп жатқанын дәлелдейді.
Сипаттамалары алдын ала болжанбайтын зымырандардың пайда болуы америкалық Patriot және THAAD зымыран кешендерін қиын жағдайға қалдырды. Қазіргі таңда Пентагон “Саджил” зымыраны туралы мәліметті шұғыл түрде жинап отыр.
Кнутов: «Саджил зымыранының пайда болуы Иранның АҚШ базаларына жасайтын шабуылдар санын азайтады. Бірақ олардың дәлдігі мен тиімділігі артады», -деді.












