Пәкістандағы Иран елшісі Реза Амири Моқаддам елінің келісімгер тобы он тармақтан тұратын ұсыныс негізінде АҚШ-мен келісім өткізу үшін бүгін кешке Исламабадқа аттанатынын хабарлады.
Амири Моқаддам Х платформасында былай деп жазды: “Сионистік режим дипломатиялық бастамаға кедергі келтіру мақсатында атысты тоқтату бітімін қайта-қайта бұзуына байланысты Иранда қалыптасқан қоғамдық пікірдің күдік-күмәніне қарамастан ислам республикасының делегациясы Пәкістан премьер-министрі Шаһбаз Шарифтің шақыруымен Иран ұсынған он тармақ жоспар негізінде АҚШ-мен байсалды келіссөз жүргізу үшін бүгін түнде Исламабадқа келіп жетеді”.
Дипломат Иран делегациясын бастап баратын аға келісімгердің де, мүшелерінің де есімдерін атаған жоқ.
Еске салайық, Иран ұсынған он тармақты жоспардың бірінші тармағында “Иранға және онымен одақтас қарсыласу топтарына жасалатын кез келген агрессияны толық тоқтату қажет” деп жазылғанына қарамастан Израиль кеше бітімді бұзып, он минуттың ішінде Бейруттағы, сондай-ақ шығыс және оңтүстік Ливандағы 100-ден астам нысанға шабуыл жасады. Иран бұған наразылық ретінде Ормұз бұғазын тағы жапты.
Айта кетейік, Иран Ислам Республикасы мен Америка Құрама Штаттары кеше өз одақтастарымен бірге Ливан мен басқа да аймақтарды қоса алғанда, барлық нысанда атысты дереу тоқтату туралы келісімге келді. Бітімгершілік келісімі Иранның ресми уақыты бойынша 2026 жылғы 8 сәуір, сәрсенбі күнгі сағат 03:30-да, АҚШ-тың уақыты бойынша 7 сәуір, сейсенбі сағат 20:00-де күшіне енді. Алайда Израиль аталған келісімді біржақты түрде үздіксіз бұзып жатыр.
Осы негізде Пәкістан Премьер-министрі Шаһбаз Шариф Иран және АҚШ делегацияларын 2026 жылғы 10 сәуір, жұма күні Исламабадқа барлық келіспеушілікті шешу мақсатында түпкілікті келісімге қол жеткізу үшін келіссөз бастауға шақырып, Х әлеуметтік желісінде: “Біз «Исламабад диалогы» баянды бейбітшілікке әкеледі деп шын жүректен үміттенеміз және алдағы күндері сіздермен тағы да жағымды жаңалықтармен бөлісетін боламыз”, — деп жазды.
Осы ретте Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчидің кеше кешке Пәкістан армиясының қолбасшысы генерал Асим Мунирмен телефон арқылы сөйлесіп, Пәкістан үкіметінің сындарлы әрі жауапты рөліне, сондай-ақ соғысты тоқтату мен аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы оның үздіксіз әрі тиімді күш-жігеріне алғыс білдіргенін айтқан жөн.
Тараптар сұхбатта сионистік режимнің Иран мен Ливандағы атысты тоқтату режимін бұзу жағдайларын талқылады.












