Кеше сәрсенбі күні Ормұз бұғазынан небәрі төрт кемеге өтуге рұқсат берілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл сәуір айында тіркелген ең төменгі көрсеткіш.
Кеше АҚШ Пәкістанның арағайындығымен Иран ұсынған он тармақты жоспар негізінде келісімге келу үшін он төрт күнге атысты тоқтату бітіміне келісті. Соған сәйкес Иран белгілеген ережелер мен осы елдің бақылауындағы «қауіпсіз өту хаттамасы» аясында екі апта бойы Ормұз бұғазы арқылы кемелердің күнделікті шектеулі өтуіне рұқсат берілді.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесі де атысты тоқтату келісімін растағанын мәлімдеді. Кеңес Иранның әлі де сақтық танытып отырғанын, Америка Құрама Штаттары тарапынан басқыншылық болса, дереу жауап беруге дайын екенін ескертті.
Ирандық генерал-майор Мохсен Резаи да елінің мүддесі толық қамтамасыз етілгенше Қарулы Күштер бармақтарын шүріппеден босатпайтынын баса айтты.
Press TV арнасының хабарлауынша, АҚШ пен Израиль кеше Иранның оңтүстігіндегі Лаван мұнай өңдеу зауыты мен Сири аралына шабуыл жасап, атысты тоқтату туралы келісімді бұзды.
Бірнеше жергілікті ақпарат агенттігі де Тегеранда жарылыстар болғанын хабарлады.
Сонымен қатар, Израиль қорғаныс күштері Бейрутқа шабуыл жасап, 100-ден астам адамды қаза етті. Бұл әрекетті Тегеран келісімшарт ережелерінің бірін бұзу деп атады.
Осындай жағдайға байланысты Иран кеше сәрсенбі күні Ормұз бұғазы жабық күйінде қалатынын мәлімдеп, рұқсатсыз өтетін кемелердің жойылатынын ескертті.
Қазіргі уақытта Ормұз бұғазынан тек достас елдердің кемелеріне ғана өтуге рұқсат етілген. Олардың қатарына Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан кіреді.
Wall Street Journal басылымы бүгін бейсенбі күні Иран Ормұз бұғазы арқылы өтетін кемелерден алдын ала криптовалюта немесе қытай юанімен төлем жасауды талап ететінін хабарлады.












