АҚШ-тың қара тізіміне ілінген Иранмен байланысты тағы екі кеме бүгін Ормұз бұғазы арқылы жүзіп өтіп, Парсы шығанағына кірді.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, біріншісі сұйытылған газ тасымалдаушы «J Summer» кемесі. Кемелерді қадағалау деректері бұл танкердің Иранның Ларк және Қешм аралдарының арасымен өтіп, қазіргі уақытта Парсы шығанағы суларында жүзіп бара жатқанын көрсетеді.
«J Summer» секілді Иранмен байланысы үшін Вашингтонның қара тізіміне енген алып мұнай танкері «Hang Lu» де көп ұзамай дәл осы аралдардың арасымен өтіп үлгерген.
Айта кетейік, бүгін АҚШ-тың Иранға қарсы ресми түрде теңіз қоршауын бастағанына үшінші күн. Алайда, санкцияланған Иран кемелері бұл қоршауды алғашқы күннен бастап-ақ бұзып келеді.












