Иранның шетелдегі бұғатталған активтерінің құны шамамен 100 миллиард долларға бағаланады.
Иранның миллиардтаған долларлық бұғатталған активі бүкіл әлем бойынша күрделі желіде таралған. Қытай 20 миллиард доллармен Иранның активтерін ұстап отырған ең ірі мемлекет саналады. Одан кейін 7 млрд доллармен Үндістан, 6 млрд доллармен Ирак, 2 млрд доллармен АҚШ және 1,5 млрд доллармен Жапония тұр.
Бұғатталған 100 миллиард доллар жуырда Исламабадта өткен Иран мен АҚШ арасындағы тікелей келіссөзде Тегеранның басты талаптарының бірі болды. Тегеран соғысты тоқтату үшін алғышарт ретінде және елдер арасындағы сенімді нығайту үшін кем дегенде шетелдегі 6 миллиард доллар активін босатуды талап етті.
Иранның шетелдегі қаражатының бұғатталуы — халықаралық саясат пен экономикалық санкциялардың күрделі механизмі. Бұл үдеріс бірнеше негізгі себепке негізделген.
АҚШ және кейбір Батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасы әскери мақсатта қолданылуы мүмкін деп қауіптенеді. Осы бағдарламаны шектеу үшін экономикалық қысым құралы ретінде санкция салған.
2018 жылы АҚШ Ядролық келісімнен (JCPOA) шығып, Иранға қарсы қатаң санкцияны қайта бастады. АҚШ доллары әлемдік резервтік валюта болғандықтан, кез келген ел Иранмен сауда жасаса, АҚШ-тың қаржы жүйесінен шеттетілуі мүмкін. Сондықтан Қытай, Үндістан сияқты елдер Ираннан мұнай сатып алғанымен, оның ақшасын Иранға аудара алмай, өз банктерінде сақтауға мәжбүр.














