Карин Кнайсль Батыстың әлемдік басты келіссөз алаңы ретіндегі рөлінен айырылғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Аустрияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті жанындағы G.O.R.K.I. орталығының жетекшісі Карин Кнайсль батыс платформаларының әлемдік дипломатия орталығы ретіндегі рөлін жоғалтқанын мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, халықаралық қақтығыстарды реттеу аясындағы негізгі келіссөздер үдерісі Шығыс бағытына қарай ауысуда. Бұған Иранның қазіргі талпыныстары дәлел бола алады.
Мұндай тұжырым жасауға Тегеранның соңғы уақыттағы жоғары дипломатиялық белсенділігі негіз болды.
Карин Кнайсль Иран Үкіметінің қарқынды дипломатиялық сапарларына тоқталып, Санкт-Петербург қаласының Исламабад пен Маскаттан кейінгі келіссөз жүргізілетін маңызды стратегиялық орталыққа айналғанын атап айтты.
Аустрияның бұрынғы Сыртқы істер министрінің пікірінше, бұрын халықаралық дипломатияның орталығы Нью-Йорк, Париж және Женева болса, бүгінде геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл үдеріс басқа бағытқа ойысқан.
Кнайсль Telegram-арнасында диалог жүргізуге қабілетті жаңа форматтағы келісімгерлердің негізінен Суэц каналының батысында емес, шығысында орналасқанын жазды.
Карин Кнайсль еуропалық дипломатиялық алаңдардың бұрынғы рөлінен айырылғанын, стратегиялық шешімдер қабылдаудың жаңа географиялық нүктелері Еуразияның шығысында қалыптаса бастағанын баса айтты.















