Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан шекарасында «Достық» халықаралық сауда-экономикалық саябағы салынады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тәжікстан және Өзбекстанмен шекаралас Қырғызстанның Баткен облысында жалпы ауданы 100 гектарды құрайтын сауда-экономикалық саябақ салу жоспарлануда.
Бұл саябақтың тұжырымдамасы мен бас жоспары Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа Баткен облысына жасаған жұмыс сапары барысында таныстырылды.
Тұжырымдамада аймақтың туристік әлеуетін дамытуға ерекше мән берілген. Саябақ аясында халықаралық мәдени іс-шаралар, этнофестивальдер, қолөнер көрмелері мен гастрономиялық форумдар өткізуге жағдай жасау жоспарлануда. Жоба авторларының айтулары бойынша, бұл бастамалар Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасын дәріптеуге және Орталық Азия халықтары арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Кешен әкімшілік, туристік, логистикалық, өндірістік, коммерциялық және саябақ аймақтарын қамтиды. Шекара маңындағы аумақтарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын жоба 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрады.
Садыр Жапаров «Достық» халықаралық сауда-экономикалық саябағы жобасын сәтті жүзеге асыру үш ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен бірлескен жұмыс арқылы мүмкін екенін қуаттап, өзара қолдау арқылы бұл жоба сауда мен инвестиция үшін ірі платформаға, сондай-ақ Орталық Азия халықтары арасындағы бейбітшіліктің, сенімнің және бірліктің символына айнала алатынын баса айтты.
Сарапшылардың пікірінше, сауда-экономикалық саябақтың дамуы бүкіл аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, шекара маңындағы аудандарда шағын және орта кәсіпкерліктің өсуіне қосымша серпін береді.












