БҰҰ-ның Қазақстандағы Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша өңірлік орталығы жанынан Консультативтік кеңес пен Халықаралық консультативтік комитет құрылмақ.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша ҚР Мәжілісі Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады.
Меморандумның мақсаты – Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығының қызметін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі енгізген қаражатты пайдалану шарттарын айқындау.
Меморандум аясында Орталық жанынан Консультативтік кеңес пен Халықаралық консультативтік комитет құрылмақ. Олар өңірлік бағдарламалардың басымдықтарын айқындап, Орталықтың жұмыс бағдарламасы мен бюджетіне қатысты ұсынымдар әзірлейді.
Еске салайық, 2025 жылғы 10 наурызда Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ауғанстандағы жағдай мен елдегі қиындықтарды шешу жолдарын талқылауға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің (ҚК) отырысы өтті. Бұл жиынға Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысты.
Осы бағытта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы бастамасы ұсынылды.
2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ОДМ бойынша БҰҰ орталығын құру туралы қарар қабылдады. 152 ел бастаманың жоғары маңыздылығын қуаттап, халықаралық кең консенсусты көрсететін қарардың тең авторлары болды.
Бастама өңір елдерінің экономикасын нығайтуға, жұмыс орындарын құруға, көші-қон ағынын тежеуге және елдерді өңірлік сауда желілеріне біріктіруге бағытталған.














