Америка Құрама Штаттары БҰҰ-ның Палестина аумақтары бойынша арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезеге қарсы қайта санкция салды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, санкция Франческа Альбанезенің халықаралық банк жүйесіне, несие карталарына және қаржылық операциялардың көпшілігіне қол жеткізуіне тосқауыл қояды.
Бұдан бұрын, 13 мамырда федералды сот Ричард Леон Альбанезеге қарсы салынған санкциялардың қолданысын уақытша тоқтата тұру туралы шешім шығарған болатын. Алайда АҚШ Апелляциялық сотының үш судьядан тұратын алқасы бұл шешімді әкімшілік тәртіппен бұғаттап тастады. Осылайша, федералды билік БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына қарсы санкцияларды қайтадан қолдану мүмкіндігіне ие болды.
АҚШ Қаржы министрлігінің сайтындағы жаңартылған мәліметке сәйкес, Франческа Альбанезенің есімі санкция салынғандар тізіміне қайта енгізілді. Дональд Трамп әкімшілігі өткен жылы Альбанезені АҚШ пен Израильге қарсы саяси және экономикалық соғыс жүргізді деп айыптап, оған қарсы санкция салған болатын. Ал, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2025 жылдың шілде айында Альбанезенің Халықаралық қылмыстық сотты АҚШ пен Израильге қарсы іс-қимыл жасауға итермелегені үшін санкцияға ілінгенін мәлімдеді.
Өткен аптада федералды сот Трамп әкімшілігі оның сөз бостандығы құқығын бұзған болуы мүмкін деп есептеп, санкцияларды уақытша тоқтатқан болатын. Алайда жұма күні Апелляциялық сот бұл шешімнің қолданысын тоқтатып, Вашингтонға шектеулерді қайта енгізуге мүмкіндік берді. Франческа Альбанезе көптен бері БҰҰ жүйесіндегі Израиль мен Палестина қақтығысына қатысты ең даулы тұлғалардың біріне айналды. БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы ретінде ол Халықаралық қылмыстық сотты Израиль мен АҚШ-тың ресми тұлғаларын әскери қылмыстары үшін жауапқа тартуға бірнеше рет шақырды.












