Иран мен Америка Құрама Штаттары қақтығысты тоқтату туралы меморандумның соңғы нұсқасына қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы ойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Исмаил Бақайидың мәлімдеуінше, меморандум мәтіні толық келісіліп, тараптар құжатқа қол қойған. Ресми рәсім бетпе-бет өтпегендіктен, қос тарап бекітілген нұсқаларды бір-біріне жолдаумен шектелді.
АҚШ Президенті Дональд Трамп та екі ел арасында 60 күн мерзімге арналған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын растады.
«Axios» басылымының журналисі Барак Равидтің айтуы бойынша, Дональд Трамп Францияда өткен кешкі ас кезінде ел президенті Эммануэль Макронның көзінше меморандумның өз данасына қол қойып, құжатқа қол қойылғанын растаған.
Қол қою рәсімінің Версальда өтуі де үлкен символикаға ие. Себебі 1919 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан Германия да тізе бүгу туралы құжатқа дәл осы сарайда қол қойған болатын.
Сонымен қатар, Иран Президенті Масуд Пезешкиан да құжатқа өз қолтаңбасын қойды.
АҚШ әкімшілігінің өкілдері құжаттың алдағы келіссөздердің негізі болып табылатынын баса айтуда.
Дональд Трамп егер екі ай ішінде тараптар түпкілікті келісімге келе алмаса немесе Иран алған міндеттемелерін орындамаса, Вашингтон әскери қимылдарды қайта бастау құқығын өзіне қалдыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Пәкістан араағайындық етуімен халықаралық қауымдастықта үлкен бетбұрыс орын алды. 15 маусымға қараған түні АҚШ пен Иран Ислам Республикасы 14 тармақтан тұратын өзара түсіністік туралы меморандум мәтіні нақтыланғанын ресми түрде жариялады.
Аталмыш меморандум аясында екі ел алдағы 60 күн ішінде түпкілікті бейбітшілік келісімін жасасуды көздеп отыр. Тараптардың негізгі міндеттемелері:
Әскери іс-қимылдарды тоқтату және қауіпсіздік:
·Толық бітімгершілік: Ливанды қоса алғанда, барлық майдандарда әскери операциялар дереу және біржола тоқтатылады. Тараптар бір-біріне қарсы күш қолданудан немесе сес көрсетуден бас тартады.
Ливан егемендігі: Ливанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігі толық қамтамасыз етіледі
Блокаданы жою: АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын дереу жеңілдетіп, 30 күн ішінде толық тоқтатады. Сондай-ақ, соңғы келісімнен кейін 30 күн ішінде Иранға іргелес аймақтардан өз әскерін шығарады.
Ормұз бұғазының қауіпсіздігі: Иран 30 күн ішінде су айдындарын миналардан тазартып, 60 күн ішінде Парсы шығанағы мен Оман теңізі арасында коммерциялық кемелердің қауіпсіз әрі тегін өтуін ұйымдастырады. Бұғазды болашақта басқару мәсілесі бойынша Иран Оманмен және басқа да жағалау елдерімен диалог жүргізеді.
300 миллиард долларлық инвестиция: Түпкілікті келісімнен кейін АҚШ өз серіктестерімен бірге Иран экономикасын қайта қалпына келтіру үшін кемінде 300 миллиард доллар көлеміндегі арнайы жоспар әзірлейді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, АҚХА және АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген барлық біржақты, бастапқы және қайталама санкциялары кезең-кезеңімен толық жойылады.
Мұнай экспорты және бұғатталған активтер: АҚШ ирандық шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға, банк және сақтандыру қызметтеріне дереу рұқсат береді. Сонымен қатар, Иранның шетелде бұғатталған барлық қаржылық қаражаты Ислам Республикасының билігіне толық қайтарылады.
Иран өзінің ядролық қаруды иемденбейтінін және жасамайтынын тағы растады.
АҚХА бақылауымен Ирандағы байытылған материалдардың деңгейін барынша төмендету және оларды басқару тетіктері өзара талқыланады.
·Түпкілікті келісім орнағанға дейін статус-кво сақталады: Иран ядролық бағдарламасын қазіргі деңгейден асырмайды, ал АҚШ жаңа санкциялар енгізбеуге және аймаққа қосымша әскери күш тартпауға уәде берді.
Меморандумның орындалуын қадағалау үшін арнайы мониторинг механизмі құрылады. Құжаттың негізгі тармақтары іске асырыла бастаған сәттен бастап тараптар түпкілікті келіссөздер үстеліне отырады.
Ең бастысы, бұл тарихи түпкілікті келісім алдағы уақытта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарымен ресми түрде мақұлданатын болады.
Сарапшылар бұл оқиғаны соңғы онжылдықтағы Таяу Шығыстағы ең ірі дипломатиялық серпіліс әрі жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды қадам деп бағалап отыр.












