БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак ұйымның Иран Ислам Республикасындағы азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды айыптайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, ұйым мұндай әрекеттердің халықаралық гуманитарлық құқық талаптарына қайшы келуі мүмкін екенін баса айтты. Вашингтонның өткен аптаның соңында жасаған зымыран соққысы Иранның Һормозган провинциясындағы Бунджи ауылының жағалауында орналасқан су тұщыту қондырғысын зақымдаған болатын. Салдарынан нысанның электрмен жабдықтау жүйесі істен шығып, Джаск округінің батысындағы бірнеше елді мекен ауыз сусыз қалды. Иран билігі бұл шабуыл үшін АҚШ-ты айыптады.
Һормозган провинциясы губернаторының орынбасары Ахмад Нафисидің мәлімдеуінше, нысан аумағына үш зымыран түсіп, жарылған. Осы шабуылдың салдарынан Джаск округінің батыс бөлігіндегі бірнеше ауылға ауыз су беру уақытша тоқтатылды. Халықаралық гуманитарлық құқық қақтығысушы тараптардан әскери нысандар мен азаматтық нысандарды бір-бірінен ажыратуды талап етеді. Тиісінше, ауруханалар, тұрғын үйлер, көпірлер, электр станциялары, жолдар, порттар мен әуежайлар сияқты нысандар бейбіт уақытта да, қақтығыс кезінде де шабуылдардан қорғалуы тиіс. Кейбір нысандардың азаматтық та, әскери де мақсатта қатар қолданылуы мүмкін. Мәселен, белгілі бір көпір арқылы азаматтық көліктермен бірге әскери колонналар да қозғала алады. Порттар тек сауда кемелеріне қызмет көрсетіп қана қоймай, қару-жарақ тасымалдау үдерісіне де тартылуы мүмкін. Алайда нысанның қос мақсатта пайдаланылуы оған соққы жасауға құқық бермейді.
Нысанды әскери мақсаттағы нысан деп тану үшін, оның әскери іс-қимылдарға нақты әрі тиімді үлес қосып тұрғаны және оны жою айтарлықтай әскери артықшылық беретіні дәлелденуі тиіс. Тіпті мұндай жағдайдың өзінде шабуылдаушы тарап бейбіт тұрғындар арасындағы ықтимал шығындар мен азаматтық инфрақұрылымға келетін залал көлемін алдын ала бағалауға міндетті. Егер бейбіт тұрғындар арасындағы ықтимал шығын мен азаматтық нысандарға келетін залал көлемі күтілетін тікелей әскери артықшылықтан едәуір асып түсетін болса, мұндай шабуылға үзілді-кесілді тыйым салынады. Ал, медициналық мекемелер Женева конвенцияларына сәйкес ерекше қорғау мәртебесіне ие.
Аурухана аумағында жаралы әскери қызметшілердің емделіп жатқаны оны әскери нысанға айналдыруға негіз бола алмайды. Медициналық нысанның қорғалу мәртебесі тек ерекше жағдайларда, яғни тікелей медициналық міндеттерінен тыс, қарсылас тарапқа нұқсан келтіретін әрекеттер үшін пайдаланылған кезде ғана тоқтатылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда шабуыл жасалмас бұрын қарсылас тарапқа міндетті түрде алдын ала ескерту беріліп, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін ақылға қонымды мерзім тағайындалуы тиіс. Осыған байланысты, медициналық мекемелерге жасалған шабуылдар туралы кез келген хабарлама ерекше мұқият және тәуелсіз тексеруді талап етеді.
Көпірлерге, жолдарға, порттар мен энергетикалық нысандарға жасалған соққылардың салдары әскери саламен ғана шектелмейді, олар бейбіт тұрғындардың тыныс-тіршілігіне де тікелей нұқсан келтіреді. Көпірлердің қирауы дәрі-дәрмек пен азық-түлік тасымалын тоқтатып, жедел жәрдем қызметінің жұмысын қиындатуы және тұтас елді мекендердің оқшаулануына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, электр станцияларының зақымдануы ауруханалар мен байланыс жүйелерінің жұмысына, сумен қамту желілеріне және азық-түлікті сақтау мүмкіндігіне кері әсерін тигізеді. Ал порттардың істен шығуы тұтас аймақтардың импортына, экспортына және жалпы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесіне нұқсан келтіреді. Бұл ретте Иранның Бендер-Аббас және Чабаһар порттарының стратегиялық маңызы ерекше. Соңғысы Чабаһар Үндістанмен, Ауғанстанмен және Орталық Азия мемлекеттерімен сауда-экономикалық байланыстарын дамытуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл порт жұмысының іркілуі халықаралық көлік-логистикалық бағыттардың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
БҰҰ-ның ұстанымы қақтығысушы барлық тараптарға бірдей қолданылуы тиіс. Кез келген операцияның жауап қайтару сипатында жасалуы тараптарды халықаралық құқық нормаларын орындау міндетінен босатпайды. Бір тараптың заң бұзушылықтарға жол беруі екінші тарапқа бейберекет немесе таңдаусыз шабуылдар жасауға құқық бермейді. Миллиондаған адамның күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым нысандарының қақтығыс аймағына тартылуы гуманитарлық апат қаупін күшейтіп, халықаралық құқықтың өрескел бұзылу ықтималдығын айтарлықтай арттырады.
















