Иран сыртқы қауіп-қатерге қарамастан ұлттық мүддесін соңына дейін қорғап, принципті мәселелерде ешқандай ымыраға бармайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Сот жүйесінің Жоғарғы кеңесі отырысында мәлімдеді.
Масуд Пезешкиан: «Біз соңғы деміміз қалғанша еліміз бен халқымыздың мүддесін қорғаймыз. Бұл ұстанымымызға ешкімнің күмәні болмасын», – деді.
Иран Президенті Ислам революциясының шәһид Жоғарғы көшбасшысы мен жуырдағы әскери қақтығыс құрбандарын еске алып, бұл қазаны орны толмас ауыр қайғы деп атады. Оның айтуынша, бұл жағдай Иран басшылығына елдің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау жолында зор жауапкершілік жүктейді.
Қазіргі жағдайға тоқталған Пезешкиан Иранның бір мезгілде сыртқы қысымға қарсы тұрып, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, соның ішінде халықтың осал топтарын қолдау міндетін де шешуі қажет екенін айтты. Оның айтуы бойынша, Иранның қарсыластары өңірде қуатты әрі тәуелсіз мемлекеттің нығаюына жол бермеу үшін елдің даму мүмкіндігін шектеуге тырысуда.
Вашингтон тоқтатқан келісімдерге қатысты пікір білдірген Масуд Пезешкиан Тегеранның қандай да бір жеңілдікке барғаны туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып: «Осы келісімнің 14 тармағының ешқайсысында біз өз құқығымыз бен қағидаларымыздан, ұлттық мүддеміз бен революциялық құндылықтарымыздан бас тартқан жоқпыз. Ел мүддесіне нұқсан келтіретін ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Керісінше, құжатты жан-жақты талдау оның басым бөлігінің Иран Ислам Республикасының мүддесіне сай келетінін көрсетеді. Құжатта Америка Құрама Штаттарына біржақты пайда әкелетін бірде-бір тармақ жоқ», – деді.



















