АҚШ-тың шектеу шараларын жүйелі түрде күшейтуге ұмтылуы халықаралық дипломатияда қауіпті сипат алуда.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Исмаил Бақайи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Вашингтон дипломатиялық шешімдерге келуге қауқарсыз екенін көрсеткен сайын шектеу шараларына жүгінеді. Ал бұл саясат өз нәтижесін бермесе, олар қысым көлемін арттыра түседі. Бұл саяси ұстаным емес — қалыпқа айналған әдет. Ең бастысы, бұл парасатты ойлау қабілетін ығыстырған шынайы тәуелділікке ұласты», — деп жазды.
Иран Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің Иранға қатысты экономикалық қысым тетіктері тиімді нәтиже берді деген мазмұндағы мәлімдемесі — АҚШ әкімшілігінің осындай санкциялық тәуелділігінің айқын көрінісі.
Бақайи Иран ондаған жыл бойы мұндай шектеу шараларының елдің дамуын тежеп, тығырыққа тіреуге қауқарсыз екенін тәжірибе жүзінде дәлелдеп келе жатқанын атап айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: «Басты қауіп — америкалық саясаткерлердің осы әдеттен арыла алмай, өздері тудырған геосаяси дағдарыстан шығынды азайтып, абыроймен шығудың соңғы мүмкіндіктерін де жойып алу қаупінде тұр», — деді.
Бұған дейін Скотт Бессент 12 News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Иранға қарсы экономикалық санкциялар арқылы қажетті нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеген болатын.
Оның айтуы бойынша, Ирандағы азық-түлік инфляциясы 150-180 пайыз шамасына жетіп, мемлекеттік биліктің әскери қызметкерлерді тиісті деңгейде қамтамасыз етуге шамасы жетпей отыр.
















