АҚШ пен Иран арасындағы текетірес жаңа деңгейге өтіп, шиеленісе түсуі ықтимал.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, америкалық күштердің Ормұз бұғазындағы стратегиялық маңызы бар Ларак аралына жасаған шабуылы Иранның қатаң жауап қайтаруына түрткі болды.
Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының ресми өкілі Хоссейн Мохеби Вашингтонның бұл қадамын «стратегиялық әрі орны толмас қателік» деп атады. Осы оқиғадан кейін Иран Иордания аумағында орналасқан америкалық әскери базаларға соққы жасады.
Әскери сарапшы Юрий Кнутов бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, алдағы айларда шиеленістің қалай өрбуі мүмкін екенін болжады. Оның айтуынша, қазіргі ахуалды әзірге толық ауқымды соғыстың басталғаны деп санауға болмайды, бірақ Вашингтон мен Тегеран арасында өзара түсіністік орнайтынына да ешқандай негіз жоқ.
Әскери сарапшының айтуынша, Таяу Шығыстағы америкалық әскери базалардың бір бөлігі бұрынғы шабуылдардан қатты зардап шегіп, жұмысын тоқтатқан, ал қалғандары әлі де қызмет етіп жатыр.
Сарапшы: «Бұл соққы Ларак аралына жасалған шабуыл үшін қайтарылған кек болды. Дегенмен, әзірге жаңа ауқымды шиеленіс басталды деуге асықпас едім. Екі тарап арасында ешқандай өзара түсіністік жоқ. Қазір негізінен Иран мен Оман арасында танкерлердің қауіпсіз өтуі мен су жолдарын минадан тазарту мәселелері бойынша келіссөздер жүріп жатыр», – деді.
Сарапшының пікірінше, Тегеран танкерлердің Ормұз бұғазы арқылы жүріп өтуі үшін ақы төлеуді талап етіп отыр және Оман бұл ұсынысқа қарсылық білдірмейтін көрінеді.
Әлемдік мұнайдың едәуір бөлігі өтетін Ормұз бұғазының стратегиялық маңызы өте жоғары. Сол себепті Иранның бұл су жолын бақылауға тырысуы Таяу Шығыстағы ахуалға ғана емес, бүкіләлемдік энергетикалық нарыққа да тікелей әсер етуі мүмкін.
Иранның зымыран әлеуеті артып келеді
Сарапшының айтуынша, Иранәскери әлеуетін арттырып, баллистикалық зымырандар шығаратын жерасты зауыттарының қуатын күшейтуде.
Кнутов егер АҚШ тарапынан қатаң шаралар қолданылса, Иранның соққы жасау аймағын едәуір кеңейтуі мүмкін екенін болжайды.
Сарапшы: «Иран қазір қажетті көлемде баллистикалық қару өндіріп жатыр. Егер АҚШ шектен тыс әрекетке барса, Иран Италия, Грекия және өзге де елдердегі америкалық базаларға соққы жасауы ықтимал. Яғни Еуропаның оңтүстігінде орналасқан АҚШ пен НАТО нысандары қауіп астында қалуы мүмкін», – деді.
Бұл сценарий қақтығыстың сипатын түбегейлі өзгертеді. Қазіргі текетірес тек Таяу Шығыс аймағымен шектелсе, Иран зымырандарының Еуропаның оңтүстігіндегі әскери нысандарға қауіп төндіруі бұл жанжалды аймақтық деңгейден жаһандық деңгейге көтеруі мүмкін.
АҚШ-тың әрекеті қандай болады?
Сарапшы АҚШ-тың әскери ресурстары азайып бара жатқаны туралы мәліметтерге күмән келтіріп, Вашингтонның қару-жарақ пен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары тапшы деген хабарлары әдейі таратылған жалған ақпарат болуы мүмкін екенін айтады.
Кнутов АҚШ президенті Дональд Трамп сайлау қарсаңында Иранға қарсы ауқымды соққы жасау туралы шешім қабылдауы ықтимал деп болжайды.
Сарапшы: «Америкалықтардың ресурстары таусылды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары мен басқа да қару-жарақ жетіспейді деген ақпарат фейк болуы мүмкін. Трамп сайлауға жақын уақытта соққы жасауды жоспарлап отырған болуы ықтимал. Мысалы, сайлау қарашада өтсе, шабуыл қыркүйектің соңы немесе қазанның ортасында жасалуы мүмкін», – деді.
Сарапшы сонымен қатар АҚШ Иранның ядролық нысандарына қарсы тактикалық ядролық қару қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, мұндай қадам америкалық басшының сайлау алдындағы рейтингін күрт көтеру мақсатында жасалуы ықтимал.
Сондай-ақ, Пентагонның қарсыластарға қарсы тактикалық ядролық қаруды қолдану стратегиясын қарастырып жатқаны туралы деректер де назар аударуға тұрарлық.
Егер бұл сценарий жүзеге асса, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес аймақтық ауқымнан шығып, жаһандық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін деңгейге жетеді. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы жағдай шектеулі әскери қақтығыс пен толық ауқымды соғыс арасындағы аса қауіпті шекте тұр. Тараптардың алдағы уақытта қабылдайтын шешімдері Таяу Шығыстағы ғана емес, бүкіл халықаралық қауіпсіздік жүйесінің тағдырына түбегейлі әсер етуі мүмкін.
















