Үндістанда өтетін БРИКС саммитінде жаһандық өзара іс-қимыл, басқару және халықаралық қауіпсіздікке қатысты бірқатар маңызды мәселе көтеріледі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институтының директоры Алексей Маслов TV BRICS арнасына берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.
Сарапшының пікірінше, БРИКС елдердің дамуының бірыңғай үлгісіне, ортақ құжаттарға әрі бірыңғай валютаға сүйенбейтін жаңа форматтағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды.
Маслов: «БРИКС өте тиімді платформаға айналды. Ол елдерді ортақ даму үлгісі, құжаттар немесе валюта негізінде емес, өзара теңдік қағидаты арқылы біріктірудің жаңа жүйесін көрсетті. Ең бастысы – ресми ұйым құрмай, мемлекеттер арасында тең қарым-қатынас орнату», – деді.
Сарапшының айтуынша, бірлестік аясында балама қаржы жүйелерін қалыптастыру, ақша аударымдарын дамыту және мемлекеттерді қарыздық тәуелділікке түсірмей, ірі көлемде несие беру тетіктері сияқты өзекті мәселелер талқылануда.
Алексей Маслов Ресейдің ұйымның қалыптасуындағы рөліне де арнайы тоқталды. Оның айтуы бойынша, Ресей Қытай, Үндістан және өзге де мемлекеттермен бірге БРИКС-тің негізін қалаған елдердің қатарында. Сарапшы Ресей үшін бұл бірлестіктің жай ғана формалды ұйымға айналмауы маңызды болғанын және түрлі саммиттерде ұйымның дамуына ықпал ететін мәселелерді үнемі көтеріп отырғанын атап айтты.
Сарапшы: «Ресей БРИКС-ке өзара іс-қимылдың ерекше рухын бере алды. Ең бастысы, Ресейдің үлгісі көптеген жаңа елдердің бұл ұйымға қосылуына ықпал етті. Ұйымның қаншалықты кеңейгеніне қараңыздар. Менің ойымша, бұл тұста Ресейдің дәнекер ретіндегі рөлі өте маңызды», – деді.
Сондай-ақ Маслов Ресейде БРИКС-тің дамуын қолдайтын бірқатар институттар, атап айтқанда, іскерлік кеңестер, зерттеу институттары мен сараптамалық орталықтар құрылғанын баса айтты. Оның пікірінше, аталған құрылымдар бірлестіктің сараптамалық және зияткерлік әлеуетін арттырып, оның одан әрі дамуына серпін береді.
Айта кетейік, БРИКС-тің 18-ші саммиті «Тұрақтылықты, инновацияларды, ынтымақтастықты және орнықты даму қағидаттарын қалыптастыру» тақырыбында 12-13 қыркүйекте Нью-Делиде өтеді.
Үндістан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қатысушылар БРИКС аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және ортақ басымдықтар бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылайды.
Саммит Үндістанның 2026 жылы бірлестікке төрағалығы аясындағы басты іс-шара болмақ.



















