Сауд Арабиясының мұнай өндірісі соңғы 36 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие Сауд Арабиясы қазір не мұнай өндіре алмай, не оны сата да алмай, тығырыққа тірелді.
Bloomberg агенттігі бейсенбі күні Арабстанның ОПЕК хатшылығына берген ресми есебіне сілтеме жасап, бұл елдің мұнай өндірісі өткен тамыз айында тәулігіне 1,9 миллион баррельге азайып, тәулігіне 6,238 миллион баррельді құрағанын хабарлады. Бұл — 1990 жылдан бергі Сауд Арабиясындағы ең төменгі өндіріс деңгейі.
Сауд Арабиясының шикі мұнай экспорты да соңғы 13 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Деректерді талдау компаниясы Kpler мәліметінше, тамыз айында Сауд Арабиясы тәулігіне шамамен 3,2 миллион баррель шикі мұнай экспорттаған.
Мұның басты себебі — Иранмен соғыс және Йемен шабуылдары салдарынан Арабстанның негізгі мұнай экспорттау жолдарының жабылып қалуында.
Соғысқа дейін Арабстан өз мұнайының көбін Ормұз бұғазы арқылы экспорттайтын. Алайда АҚШ пен Израильдің ақпан айының соңынан бергі Иранға қарсы әскери басқыншылығынан кейін бұл бұғаздағы мұнай танкерлерінің қозғалысы күрт азайды. Соған байланысты Арабстан өз мұнайының едәуір бөлігін Шығыс–Батыс құбыры арқылы Қызыл теңіздегі Янбу портына тасымалдауға мәжбүр болды.
Алайда өткен шілде айында Йемен Қарулы күштері Сауд Арабиясына қарсы теңіз қоршауын жариялап, кемелерге шабуыл жасау арқылы Қызыл теңіз бен Баб-әл-Мандеб бұғазындағы кеме қозғалысын қиындатты. Сондай-ақ, йемендіктер Арабстанның Йемен мұнайын экспорттауға кедергі келтіргеніне жауап ретінде Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуыл жасады.
Сейсенбі күні Йемен Хамис-Мушит пен Абха, Наджран және Джизандағы Aramco компаниясының нысандарын нысанаға алғанын, салдарынан кейбір нысандардың жұмысын тоқтатуға соқтыырғанын мәлімдеді. Бейсенбі күні Йемен Қарулы күштері Баб-әл-Мандеб бұғазына жақын орналасқан стратегиялық маңызы бар Моха портын өз бақылауына қайтарды. Бұл аталған топтың Сауд мұнайын тасымалдайтын кемелер жолындағы ұстанымын күшейте түсті.
Мұнай жеткізіліміндегі үзілістер Brent маркалы мұнай бағасын 107 долларға дейін көтерді.
Бұл дағдарыс ОПЕК ішіндегі ішкі қайшылықтар ушығып тұрған кезде орын алып отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері мамыр айында ОПЕК-тің құрамынан шықты. Ал Ирак маусым айында жоғары өндіріс квотасын алмаған жағдайда ұйымнан шығу мәселесін қарастыратынын ескертті.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Венесуэла да ОПЕК-тен шығу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Бұл өзгерістер ОПЕК-тің ең ірі өндірушісі ретіндегі Сауд Арабиясының позициясын аса қауіпті жағдайға түсірді.












