Иран мен Оманның Ормұз бұғазына қатысты келісіміне бүгін, дүйсенбі күні Маскатта қол қойылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді.
Пезешкианның айтуынша, Иран Оманмен келіссөздер жүргізіп, кемелердің бұл арнадан өтуіне қатысты талаптар бойынша өзара түсіністікке қол жеткізген. Бұл мәселе Оман астанасы Маскатта өтетін бүгінгі кездесуде талқыланады. Жиынға Иранның Сыртқы істер министрі мен Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері қатысады.
Масуд Пезешкиан India Today басылымына берген сұхбатында: «Өңірдегі араб елдерінің Сыртқы істер министрлері дүйсенбі күні Оманда кездесіп, Ормұз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қатысты мәселені талқылайды. Осыдан кейін қол жеткізілген уағдаластық туралы Халықаралық теңіз ұйымына хабарланады. Егер АҚШ шабуылдарын тоқтатса, осы тетік аясында теңіз бағыты халықаралық құқыққа сәйкес ашылады», – деді.
Иран Президенті Тегеранның өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында көршілес елдермен ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.
Сондай-ақ, Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи да Маскаттағы кездесуде қатысушы елдерге Оманмен жасалған келісімнің мән-жайы мен жаңа бағыт картасы ұсынылатынын, бірақ бұл Ормұз бұғазының дереу ашылатынын білдірмейтінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бұғазды ашу үшін АҚШ Исламабад меморандумындағы міндеттемелерін орындауға қайта оралуы тиіс.
Иран Министрі өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігі тек аймақ мемлекеттеріне тиесілі екенін баса айтып, бұл келіссөздер өңір елдерін алаңдатқан өзге де мәселелер бойынша кеңесулерді жалғастыруға жол ашады деген сенім білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Бахрейн Маскаттағы бұл кездесуге қатыспайтынын мәлімдеді.
















