АҚШ-тың бірнеше ірі банкінің қызмет көрсету жүйесінде орын алған ауқымды ақау клиенттердің банктік шоттарына кіруіне және теңгерімдерін тексеруіне қиындық келтірді.
Еуразия Тудейдің Associated Press-ке сілтеме жасап хабарлауы бойынша дүйсенбі, 2026 жылғы 16 қараша күні АҚШ-тың бірқатар ірі банктерінің клиенттері өздерінің банктік шоттарына кіру кезінде қиындық туындағанын мәлімдеді.
Downdetector веб-сайтының мәліметінше, Chase Bank, Bank of America, JPMorgan, U.S. Bank, Wells Fargo банктері мен Zelle ақша аудару сервисінің жұмысында үзілістер немесе ақаулар болған. Аталған банктердің клиенттері онлайн түрде өз шоттарына кіре алмайтындықтарын немесе банктік мобильді қосымшалардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай жатқандарын айтқан.
Downdetector деректері бойынша, Chase Bank-ке қатысты 3300-ден астам, ал Bank of America мен Wells Fargo банктеріне қатысты шамамен 800-ге жуық ақау туралы шағым тіркелген. Кейбір клиенттер тіпті шоттағы қаражат қалдығын қоса алғанда, қарапайым банктік ақпараттарды да көре алмаған. Reddit әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың бірі Chase қосымшасында кейбір қызметтердің қолжетімсіз екендігі туралы хабарлама шығып, клиенттерден кейінірек қайта әрекет жасауды сұрайтынын жазған.
Chase Bank те бұл ақауды жанама түрде растады. Банктің X әлеуметтік желісіндегі қолдау қызметінің парақшасы қолданушылардың бірінің шағымына жауап беріп, онлайн-банкингтегі мәселені зерттеп, қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын хабарлап, клиенттерден біраз уақыттан кейін қайта кіріп көруді өтінді. Дегенмен банк қызметтеріндегі бұл ақаудың нақты себебі бірден анықталмады.
Бұл жағдай АҚШ-та соңғы күндері бірнеше ірі техникалық ақау орын алған кезде болып отыр. Жұма күні ел аумағында әуе рейстері тосыннан тоқтатылды. Ресми тұлғалар мұның ықтимал себебі ретінде мердігер ұйымның жабдықтарындағы немесе роутердегі техникалық ақауды атады. Сонымен қатар, өткен аптада Microsoft қызметтеріндегі ауқымды ақау 24 сағаттан астам уақыт бойы кейбір компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің онлайн байланысын үзіп тастаған болатын.
Fox News жүргізушісі өз репортажында Microsoft қызметтеріндегі, АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) мен әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі ақауларға, сондай-ақ клиенттердің банктік шоттарға кіру қиындықтарына тоқталып: «Осы оқиғаларды Microsoft компаниясында болған жағдаймен, сондай-ақ АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасы мен әуе қозғалысын басқару жүйесінде туындаған ақаумен қатар қойып қарасаңыз, сонымен қатар адамдардың банктік шоттарына да кіре алмай қалғанын көрсеңіз, мынадай сұрақ туындайды: осының бәрі жай ғана кездейсоқтық па, әлде мұның артында бір себеп пен жасырын фактор бар ма?» – деді.
Fox News тілшісі Бенни Джонсон да қызмет көрсетуде ауқымды үзілістер мен қолданушылардың кіруінде ақау туындаған банктердің тізімін жариялады.














