Стратегиялық және академиялық зерттеулер институтының директоры Кубатбек Рахимов Оңтүстік Еуразия қауіпсіздігі мен өңірлік логистикасын дамытуда Орталық Азияның рөлі ерекше екенін атап айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, қырғызстандық сарапшы Кубатбек Рахимов жаһандық саясаттағы жаңа тенденциялар мен Иранның сыртқы саяси басымдықтарына қатысты пікір білдірді.
Сарапшы халықаралық қауіпсіздікті талқылау алаңдарының қатарын толықтыру үшін «3М» формуласын – Мюнхен (Германия), Минск (Беларусь) және Мешһед (Иран) қалаларын ұсынып отыр.
Кубатбек Рахимов: “Мюнхен қауіпсіздік конференциясында қауіпсіздік мәселелеріне қатысты атлантикалық көзқарас басым болса, Минск алаңында ресейлік-еуразиялық ұстаным көрініс табады. Ал Иран, Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Түркия тоғысатын Оңтүстік Еуразияның әзірге жеке алаңы жоқ. Сондықтан мен «3М» формуласын – Мюнхен, Минск және Мешһед қалаларын ұсынамын. Үшінші нүкте ретінде Мешһед қауіпсіздік конференциясы негіз бола алады.
Қараша айында Мохаммад Бақер Қалибафтың Қытайға қатысты мақаласы жарық көрді. Ол – Иранның Қытай бойынша арнайы өкілі әрі АҚШ-пен келіссөздерді басқаратын тұлға. Иран баспасөзі бұл еңбекті Жоғарғы көшбасшының бағыты ретінде бағалады. Бейжіңмен қарым-қатынас – сыртқы саясаттың басымдығы. Мен бұл мақаланы мұқият оқып шықтым, ондағы көптеген ойлар «3М» идеясымен үндесіп жатыр.
Қалибаф соғыстан кейінгі кезеңде өңірдегі күштер тепе-теңдігінің өзгергенін атап өтеді. Бұрын сыртқы кепілдіктерге арқа сүйейтін көптеген елдер енді қауіпсіздік аймақ мемлекеттерінің өз қолдарында болуы тиіс деп санайды. Мен бұл тұжырымды толық қолдаймын. Бұдан өңірге мемлекеттер өз қауіпсіздігін өздері талқылайтын, ал Қытай мен Ресей серіктес ретінде қатысатын тұрақты алаң қажет деген қорытынды шығады.
Мақаланың екінші ойы мен үшін әлдеқайда маңыздырақ. Автор ұлы держава ретінде Қытайдың өз басымдықтары бар екенін және Иран Бейжіңге өз мүдделерін жақсырақ ұғындыруы қажет екенін тікелей жазады. Ол стратегиялық құжаттарды нақты атқарушы келісімшарттардан бөліп көрсетеді. Жиырма бес жылдық ынтымақтастық жоспары негізгі бағыт-бағдарды белгілесе, нәтиже үшін нақты жобалар, қаржыландыру және жауапты орындаушылар қажет. Ресми мәтін үшін бұл тым ашық айтылған пікір.
Дегенмен, бұл мақалада Орталық Азия мүлде көрінбейді. Онда Қытай Иранмен теңіз және Парсы шығанағы нарықтары арқылы байланысқан екіжақты серіктес ретінде суреттелген. Алайда Иран мен Қытайды құрлық бөліп жатыр, ал бұл құрлық – біздің аймақ. Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы Қытайға батыс бағыттағы ең қысқа жолды ашып береді. Егер оны Ауғанстан арқылы Гератқа дейін жалғастырсақ, Иран шекарасына шығатын көлік дәлізінің жартылай желісі қалыптасады. Бұл теңіз жолдарын толық алмастыра алмағанымен, теңізде қауіп төнген жағдайда, құрлықтағы бағыт сенімді сақтандыру қызметін атқарады.
Иран үшін бұл жерде тікелей пайда бар. Бейжіңге санкциялық қысым астындағы күрделі екіжақты кестелерге қарағанда, бірнеше серіктесі бірлесіп қатысатын жобаларды қолдау әлдеқайда оңайырақ. Орталық Азия арқылы Иран қытайлық инвестициялар мен технологияларға қол жеткізе алады, ал өңірдің өзі қосымша транзиттік әлеуетке ие болады. Қалибаф ШЫҰ мен БРИКС-ті Иранның халықаралық мәртебесін көтерудің басты тірегі деп атайды. Орталық Азия мемлекеттерінің басым бөлігі ШЫҰ мүшесі екенін ескерсек, ортақ негіз қазірдің өзінде бар.
Мешһед мұндай диалог үшін өте қолайлы орын. Бұл – Түрікменстан мен Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан ірі ирандық қала. Мешһед қауіпсіздік конференциясы үш негізгі бағытпен айналыса алар еді: өңірлік қауіпсіздік, көлік жобаларын үйлестіру және қытайлық серіктестермен бірлескен жұмыс. Сонда Қалибаф жиі айтатын «жаңа өңірлік архитектура» құрлық бағытымен де толыға түседі.
Бұл – тәуелсіз сарапшы ретіндегі менің жеке пікірім. Мен Қырғыз Республикасының атынан мәлімдеме жасап отырған жоқпын. Алайда Оңтүстік Еуразияның болашағын Орталық Азиясыз талқылау мүмкін емес деп есептеймін. Бүгінгі таңда Иран үшін Қытаймен қарым-қатынасты тек теңіз арқылы ғана құру тым үлкен тәуекел болып табылады”,-деді.













