Иран, Оман және Өзбекстан Маскатта «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің мүмкіндіктерін талқылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран, Оман және Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері Аббас Арақчи, Бадр әл-Бусаиди және Бахтиёр Саидовтың Маскатта 17 қараша күні өткен кездесуінде айтылды.
Иран Сыртқы істер министрлігі: «Иран, Өзбекстан және Оман Сыртқы істер министрлері үш елдің экономикалық байланыстарды кеңейтудегі, әсіресе «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі арқылы сауданы нығайтуда үлкен әлеуетке ие екенін қуаттады. Сондай-ақ тараптар өңір елдерінің көлік желілерін кеңейтуді жоспарлаудың, тиісті инфрақұрылымды аяқтау мен жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды», – деп мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, тараптар экономика, сауда, көлік және транзит салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Айта кетейік, Аббас Арақчи өңірлік ахуалды пысықтау мақсатында ресми сапармен Оманда жүр.



















