Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде шығыстың ұлы ойшылы, ақын Мұхаммед Иқбалдың шығармашылығы мен рухани мұрасына арналған «Иқбал оқулары» атты іс-шара өтті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бүгін, сейсенбі, 17 қараша күні Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен өткен аталмыш шара Мұхаммед Иқбалдың туған күніне орай ұйымдастырылды.
Кештің басты мақсаты – студенттер мен жас зерттеушілерді ғұлама ойшылдың поэзиясымен, философиялық тұжырымдарымен және шығыс халықтарының рухани жаңғыруына қосқан өлшеусіз үлесімен кеңінен таныстыру.
Іс-шара барысында кафедра оқытушылары мен шақырылған қонақтар Мұхаммед Иқбалдың өмір жолы, оның парсы және урду тілдеріндегі туындыларының маңызы туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар, шығыстану факультетінің студенттері ақынның өлеңдерін парсы және урду тілдерінде мәнерлеп оқыды.
Шара соңында белсенділік танытқан студенттер мен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табысталып, мұндай мәдени-ағартушылық бағыттағы кездесулердің болашақ шығыстанушы мамандардың кәсіби біліктілігі мен дүниетанымын кеңейтудегі маңызы ерекше атап өтілді.
















