АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Америка Президентінің аға кеңесшісі Джейсон Миллер осы елдің Украинаға әскери көмекті тоқтатқанын растап, Трамптың бұл жазалау стратегиясын Киевті бейбітшілік орнату үшін келіссөз үстеліне қайтару деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Ақ Үйдегі аға кеңесші Джейсон Миллер Америка Президенті Дональд Трамптың Украинаға әскери көмек жіберуді тоқтатуын Ресейдің үш жылдық соғысын тоқтату бағытындағы стратегиясының бір бөлігі деп атады.
Мұның алдында Fox News арнасы да Ақ Үйдегі жоғары лауазымды бір басшының сөзіне сілтеме жасап, Трамп Киевтің бітімгершілік келіссөзіне міндеттелгеніне куә болмайынша, Американың Украинаға барлық әскери көмекті уақытша тоқтатқаны туралы мәлімдеген болатын
Миллер CNN арнасында былай деді: «Президент Трамп — қырғынды тоқтату туралы айтып жүрген жалғыз адам. Көшбасшылар кейде бастан сипаса, кейде қамшымен де сала алады», — деді.
Трамптың аға кеңесшісі Американың Киевке көмегінің тоқтатылғаны туралы айтып, сол арқылы Украина Президенті Владимир Зеленскийді бітім келісіміне көндіруге күш салып жатқанын айтты.
Миллер: “Зеленский келіссөз үстеліне қайтуы тиіс. Ол осы мәселеге шынайы қарауы керек”, — деді.
Миллердің бұл сөзі Зеленский бүгін таңертең Х платформасындағы парақшасында былай деп жазғаннан кейін айтылып отыр: “Мен Украинаның бейбітшілікті жақтайтынын тағы растағым келеді. Біздің ешқайсымыз тоқтаусыз соғысты қаламаймыз. Украина тұрақты бейбітшлікке жақындау үшін мүмкіндігінше ең қысқа мерзімде келіссөз үстеліне отыруға әзір. Украиналықтардан артық ешкім бейбітшілікті қаламайды. Мен және менің командам Президент Трамптың мықты жетекшілігімен тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін жұмыс істеуге әзірміз.
Біз соғысты жылдам тоқтату үшін әрекет етуге дайынбыз. Бірінші кеззектегі шараларды тұтқындарды босатып, аспандағы атысты тоқтату, яғни зымырандарға, алыс қашықтықтағы ұшқышсыз басқарылатын ұшақтардың ұшуына, энергетикалық инфрақұрылымдар мен азаматтық басқа да нысандарды бомбалауға тыйым салу, сонымен қатар теңізде атысты дереу тоқтату құрайтын болады. Негізгі шартымыз, Ресей де осы істі жүзеге асыруы керек. Соңсоң кейінгі барлық кезеңді жылдам өткеріп, түпкілікті және мықты келісімге жету үшін Америкамен ынытмақтастық жасаймыз”, — деді.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ қазіргі уақытта Украина күтіп отырған барлық әскери көмекті тоқтатты. Бұйрық Украинаға әлі келмеген, транзитте тұрған немесе Польшадағы транзиттік аймақтан жөнелтілуін күтіп тұрған әскери техника мен оқ-дәрілерге де қатысты.
Reuters Трамптың бұйрығы 4 наурызда Мәскеу уақытымен 4:30-да күшіне енгенін хабарлады.












