Сербия астанасы – Белградта күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды.
Аталған додада келесі жылы Парижде алауы тұтанатын ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынғандықтан, барлық мемлекет өздерінің мықты балуандарын аламанға қосты.
Солардың қатарында Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар да болды. Бұл жарыста ирандық күрес шеберлері тарихи жеңіске қол жеткізді.
Иранның ауыр салмақтағы балуаны Амир Мирзазаде Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін KhabarOnline агенттігіне сұхбат берді.
Амир Мирзазаде: «Өткен жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін мен алтын медальға қол жеткізу мақсатында жаттығуды бастадым. Еңбегімнің жемісін көрдім, осы додада алтын медаль алғаныма қуаныштымын. Мен үшін дұға еткен елімнің барша ардақтыларына алғыс айтамын. Бұл алтын медаль халықты бір сәт қуантты деп сенемін»,-деді.
Финалда әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Түркиядан келген Реза Каялпті 2:2 есебімен жеңгені тұралы Амир Мирзазаде: «Күрес – қиын спорт түрі. Реза Каялп –бірнеше дүркін әлем чемпионаты атанған ұлы балуан. Мен осы жарыста алтын медальді жеңіп алғаныма Аллаға шүкіршілік етемін. Мен елімнің намысын қорғау мақсатында күнде өзімді шыңдап, елімнің халқына бақыт әкелуге тырысамын. Парижде өтетін Олимпиада ойындарында да алтын медальға қол жеткіземін деп үміттенемін. Мен алдымда тұрған кез келген кедергіні жеңуге тырысамын»,-деді.
Иранның ауыр салмақтағы балуаны сұхбат барысында отбасына да тоқталып өтті. Амир Мирзазаде: «Отбасым менің жеңіске жетуім үшін аянбай еңбек етті, оларға алғысым шексіз. Бір жыл бойы үйде финалға шығып, Каялпты жеңуім керектігі жөнінде әңгіме болды. Уақыты келгенде мен оларды қуантқаныма қуаныштымын»,-деді.



















