Түркия АҚШ пен Иран арасында қақтығысты болдырмау үшін екі тарап арасында араағайын болуға тырысуда.
АҚШ Иран мәселесі бойынша Сауд Арабиясы және Израильмен кеңесуде;
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты, Америка осы аптада Израиль мен Сауд Арабиясының жоғары лауазымды тұлғаларын Тегеранға қарсы ықтималды әскери операцияны талқылауға шақырды.
Екі америкалық жауапты тұлға мен ақпарат көздерінің Axios сайтына берген мәліметіне сәйкес, Президент Дональд Трамп әскери нұсқаларды қарастырып жатыр және дайындық ретінде Парсы шығанағы аймағындағы АҚШ күштерін күшейткен.
Израиль мен Сауд Арабиясы өздерінің жауынгерлік дайындық деңгейін көтерді. Израиль Ирандағы ықтималды нысандар туралы ақпаратты тікелей Вашингтонмен бөлісуде, ал саудиялықтар аймақта соғыстың басталуына қатты алаңдаушылық білдіріп, дағдарысты дипломатия жолымен шешуге үміттенеді.
Осындай шиеленісті жағдайда Түркия белсенділік танытып, қақтығысты болдырмау үшін екі тарап арасында араағайын болуға тырысуда.
Мәліметтерге қарағанда, Президент Режеп Тайып Ердоған жақында Трампқа «Түркия–Иран–АҚШ» үшжақты кездесуін өткізуді ұсынған. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы, Катар және Оман сияқты елдер де ұқсас дипломатиялық талпыныстар жасауда. Түркия, әсіресе, ықтимал қақтығыстың экономикалық, саяси және әлеуметтік салдарына алаңдаулы және Иранмен шекарадағы тұрақсыздық пен көші-қонның жаңа толқынын болдырмауды қалайды.
Бұл талпыныстар Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчидің жұма күні Түркияға жасайтын сапарымен ұласады. Оның түрік әріптесі Хакан Фиданмен келіссөздерінің негізгі тақырыбы — ағымдағы мәселелер мен Түркияның дәнекерлік бастамасы болмақ.
Түркияның аймақтық дәнекер ретінде, соның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерде тәжірибесі бар. Дипломатиялық дереккөздері Анкараның дағдарыстың ушығуын болдырмау үшін Ердоған мен Трамп арасындағы жеке қарым-қатынасқа ерекше сенім артып отырғанын айтады. Сонымен бірге, олар Иран мен АҚШ арасындағы ықтимал қақтығыстың бүкіл аймақ пен Түркия үшін тудыратын қауіп-қатерін баса айтуда.
Саяси сарапшылар Түркияны аймақтағы негізгі ойыншы ретінде көреді. Фирас Ридванұлы БАҚ-қа берген сұхбатында Вашингтонмен де, Тегеранмен де тығыз байланыста болғандықтан, Түркияның дәнекерлік рөлінде табысқа жету мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Анкара әсіресе үш мәселеге, яғни Ирандағы саяси тұрақсыздықтың көші-қон мен қауіпсіздікке әсеріне, мұнай нарығындағы іркілістердің Түркия мен Еуропа үшін салдары, Парсы шығанағындағы соғыстың энергиямен қамтамасыз етуге тигізетін зардаптарына назар аударғысы келеді.
Түркияның сыртқы саясаты мен қорғаныс доктринасы елдің жаңа шиеленіс пен қақтығысты қаламайтынын және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін күш-жігерін жалғастыратынын қуаттайды.
Бұл оқиғалар Таяу Шығыстағы саяси, әскери және экономикалық мүдделердің бір-бірімен қаншалықты тығыз байланысты екенін және жергілікті қақтығыстың тез арада аймақтық деңгейге ұласып кетуі мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан Түркияның дәнекерлік рөлі қазір ерекше маңызға ие.












